Ақтау қаласын 5 аймаққа бөліп, жылу желілерін қайта жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен өткен тұрғындармен есептік кездесуінде Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қаланы бес аймаққа бөліп, жаңартылатын жылу желілері:
-1-аймақ 1,2,3,4,5 және 6 ш/а:
-2-аймақ 7,8,9,14 және 15 ш/а;
-3-аймақ 22,23 және 24 ш/а;
-4-аймақ 11,12 және 13 ш/а;
-5-аймақ 26,27,28,28а және 29 ш/а.
- Жалпы Ақтау қаласында 438 шақырым жылу желісі бар. Оның 72% тозығы жеткен. Ал су желічі – 464 шақырым, оның 88% тозығы жеткен. Бүгінгі таңда Ақтау қаласының үш шағын ауданында, яғни, 3А, 3Б және аурухана қалашығында ұзындығы 10,2 км жылумен жабдықтау желілерін қайта құрылымдау жұмыстары басталды. Нысан келесі жылға өтпелі, - деді қала әкімі.
Биылғы жылы орталық жылу бекетінің құрылысы және 2-Орталық сумен жабдықтау торабынан орталық жылу бекетіне дейінгі 4,3 шақырым құбыр (Ø 355 мм) жүргізіледі. Бүгінгі таңда биылғы жылға қажетті құбыр өнімдерінің саны толығымен сатып алынып, 0,7 шақырымына құбыр салынған. Сондай-ақ жер қазу жұмыстары мен орталық жылу пункті (ЦТП) құрылысы жүргізілуде.
Бұдан бөлек 31А шағын аудандағы тұрғын үйлердің және орта мектептің жылу қуаттылығын арттыру мақсатында қолданыстағы жылу құбырының диаметрін үлкейту жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарын аяқтау осы жылдың соңына жоспарланған.