Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тінәлиевтің қатысуымен қалалық мәслихаттың кезекті IX сессиясы өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиынға қалалық мәслихат төрағасы Сембіғали Зәкенов, қалалық мәслихат депутаттары мен бөлім басшылары қатысты. Жиында 2024-2026 жылдарға арналған Ақтау қаласы мен Өмірзақ ауылының бюджетін жоспарлау мәселесі қаралды.
Сонымен қатар, отырыста жылу мәселесін реттеу жұмыстарын жүргізетін арнайы авариялық топтың мәселесі қозғалды. Жиында қалалық мәслихат депутаттары жылу мәселесін реттеу мақсатында құрылған авариялық топтың қатарын көбейтуді ұсынды. Қала әкімі жауаптыларға авариялық топты тәжірибелі мамандармен толықтыру керегін атап өтті.
-Қаладағы жылу жетіспеушілігі мәселесін реттеу үшін арнайы авариялық топ құрылды. Бірақ оның қатарын тек қарапайым жұмысшылармен емес, жылу мәселесімен таныс тәжірибелі мамандармен толықтыру керек. Жылу жетіспеушілігі мәселесін тез арада реттеу мақсатында сала мамандары, депутаттар, жауапты бөлім басшылары бірлесіп жұмыс істеу қажет, - деді Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тінәлиев.