Ақтауда 7 шағынаудандағы №1 емхана маңындағы жаяу жүргіншілер өткеліне ескертпелер жазылуда, -деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған шараны Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен қалалық полиция басқармасы бірлесе пилоттық режимде орындап жатыр.
- Қазіргі таңда жол белгілерін орнату, жарықтандыру, қажетті орындарда қоршауларды қолдану және жол таңбаларын салу жұмыстарын орындап жатырмыз. Алдағы уақытта 28х29 ш/а, 14 ш/а «Ынтымақ» сауда орталығы және 1 ш/а «Дружба» дүкенінің маңындағы жаяу жүргіншілер өткеліне ескертпелер жазылады, - деді Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Асхат Нұрмұхан.
«Назар аударыңыз - балалар!» жедел алдын алу іс-шарасы аясында атқарылып жатқан жұмыстың негізгі мақсаты - жол-көлік оқиғасын азайту.
- Аталған шараның мақсаты - қаладағы жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жаяу жүргіншілер мен балалар үшін қауіпсіз жағдай жасау. Сонымен қатар жаяу жүргіншілер өткеліне ескертпе жазу жұмыстары қаланың басқа да шағынаудандарында жүргізіледі деп жоспарлануда, - деді Ақтау қалалық полиция басқармасы Әкімшілік полиция бөлімі жол және техникалық инспекциясы бөлімше бастығы Бақыт Хайруллин.