Ақтау қаласында орналасқан Ұлттық ұланның 6656 әскери бөлімінің саптық алаңында осыдан бірнеше күн бұрын Әскери Ант қабылдаған жас сарбаздарға жауынгерлік қару табысталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
ҚР ҰҰ «Батыс» ӨңҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, іс-шараға әскери бөлім офицерлері мен бөлім ардагерлері қатысқан. Сонымен қатар бірлесіп іс-қимыл жасайтын органдардың өкілдері де қатысқан.
«Құрметті жас сарбаздар, күні кеше ғана ант қабылдап бүгін міне қолдарыңа жауынгерлік қару ұстағалы тұрсыңдар. Барлықтарың білетіндей Ұлттық ұлан әскері ең алдымен азаматтардың бостандықтары мен құқықтарын қамтамасыз ететін, сондай-ақ ел тыныштығының күзетіндегі әскер екендігін естен шығармағандарың жөн. Алдағы уақытта сіздер өздеріңізге бекітілген қарумен анттарыңызға адал болып жауынгерлік қызмет атқаратын боласыздар. Ел тыныштығы мен өркендеуі сіздердің қолдарыңызда.
Сіздерге алдағы қызметтеріңізге толағай табыс тілеймін. Қолдарыңызға берілген қаруды тек оқу-жаттығу мақсатында қолдануларыңызға тілектеспін», - деді 6656 әскери бөлімінің командирі полковник Болатбек Мұқамбетқалиев.
Жас сарбаздарға жауынгерлік қаруды табыстау шарасы аяқталған соң, қарудың атауы мен нөмірлері және де берілген күні отан қорғаушылардың әскери билеттеріне жазылған. Алдағы уақытта сарбаздар Ақтау қаласындағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында, қала көшелерінің тыныштығын күзету қызметін атқаратын болады.