
Ақтауда «Ақмаржан қала Ақтауыма, жалаулы Жаңаөзеннен құсни саз!» атты Жаңаөзен қаласының мәдени күні мерекелік концертпен аяқталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Концерт шымылдығы Мағбуза Шоманованың орындауындағы «Маңғыстау» әнімен ашылды. Концертте Ағарыс Сұлтанов «Қазағым», Қаракөз Кемерова «Жеңіске толы әр күнім», Мағжан Құдайбергенов «Түнгі жарық» әнін айтты. Мұнан бөлек жаңаөзендік өнерпаздардың орындауында «Ақтау шаттығы» туындысы шырқалды. Кеште «Айназ» би ансамблі мың бұрала билесе, «Домбыра сазы» халықтық фольклорлық ансамблі «Ақ ілме» күйін орындады.
Бұл күні концертке келген өнерсүйер қауымның өнерпаздарға деген ықыласы ерекше болды. Көрермендер алған әсерімен бөлісті.
-Барша қала тұрғынын Ақтаудың 60 жылдығымен құттықтаймын. Осы мерекеге орай өткізілген концерттің ұйымдастырушыларына алғыс айтамын. Көңіліміз көтеріліп, бір серпіліп қалды, - деді қала тұрғыны Айтоғыз Еспусинов.
Сонымен қатар теңіз жағалауында қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге ұлттық киімдер, сөмкелер, көрпелер мен әшекей-бұйымдар қойылды.
Айта кетсек, шара Маңғыстау облысының 50, Жаңаөзен қаласының 55 және Ақтау қаласының 60 жылдық мерейтойына орай арнайы ұйымдастырылды.