Ақтау қаласы Приморский-1 тұрғын массивінде заңсыз салынған таунхаус құрылысы сүрілді. Бұл жыл басынан бері соттың санкциясымен бұзылған 3-құрылыс, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Аталған таунхаустың заңсыз салынғандығы Маңғыстау облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы жүргізген жоспардан тыс тексерісі нәтижесінде анықталған. Бұл жағдайға байланысты құқықбұзушылық туралы әкімшілік шаралар қабылданды.
-Құрылыс салушыларға құжаттарды рәсімдеуге, құрылысты тоқтатуға тиісті нұсқама берілді. Алайда олардың тарапынан берілген нұсқама еленбеген. Сол себепті бұл заңсыз құрылысты біз сот органдарына бұзу туралы талап арыз жолдадық. Соттың бірінші сатыдағы шешімімен жолданған талап-арыз қанағанттандырылып, апелляциялық тұрғыда сот шешімі заңды күшіне енді, - деді Маңғыстау облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Дәурен Өтепқали.
Құрылыс салушыға ҚР ӘҚБтК-нің 316, 321 және 463-баптарына (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекс) сәйкес әкімшілік жазалау шаралары қабылданды.
Еске салайық, Ақтауда биылғы жылдың 30 қазанында №9 өндірістік аймақта орналасқан №38 учаскеде заңсыз салынып жатқан тұрғын үй кешені бұзылған еді.
Ал 6 қараша күні №9 өндірістік аймақта орналасқан №39/7 учаскеде заңсыз салынған қонақ үй сүрілді. Екі нысан да құрылысқа қажетті рұқсатнама құжаттарынсыз және жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталмай салынған.