Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және жақын арада жоспарланған міндеттер туралы баяндама жасады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баяндамаға сәйкес биылғы жылдың алғашқы сегіз айында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 658 млрд. долларды құраған. Аталған көрсеткіш бойынша Маңғыстау облысы республикада көш бастады. Соңғы бес жылда өңірге үш триллион теңгеден астам инвестиция тартылған.
Биылғы жылы 8,3 млрд. теңгеге сегіз инвестициялық жоба сәтті іске асырылды, бұл өз кезегінде 300-ден астам жаңа жұмыс орынын құруға ықпал етті. Алдағы уақытта 150 млрд. теңгеге 11 жоба жоспарланған, оның аясында 700-ден астам жаңа жұмыс орны құрылмақ.
Өңірде жүзеге асып жатқан ірі жобалардың бірі – құны 6 млрд.доллар болатын «Қаламқас-теңіз, Хазар және Әуезов» кен орындарын игеру инвестициялық жобасы.
Сондай-ақ өңірде өңдеу өнеркәсібінде 335 жаңа жұмыс орнын құруға ықпал ететін жалпы сомасы 7 млрд. теңгені құрайтын алты жоба іске асырылуда.
2023 жылға 30 млрд. теңге қаражатқа үш инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
Сонымен қатар биыл ауыл шаруашылығында өнім өндірісінің көлемі артқаны байқалады. Онда көрсеткіш 15,8 млрд.теңгеге жеткен. Сегіз ай ішінде салада үш инвестициялық жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 80 жаңа жұмыс орны құрылған.
Өңірде туризм саласында да соңғы уақытта айтарлықтай өсім байқалады. Мұнда 2025 жылға дейін 100 млрд.теңгеге 13 жоба жоспарланған. Бұл жобалар туризм саласындағы көрсетілетін қызметтер көлемінің ұлғаюына және туристер санының артуына септігін тигізеді.
Сессияда инфрақұрылымды дамыту, экология және шағын және орта бизнесті қолдау мәселелері қаралды.
Нұрлан Ноғаев мәслихат депутаттарының азаматтық қоғамды дамытудағы маңызды рөлін атап өтті.
- Мемлекет Басшысы атап өткендей, азаматтық қоғамды дамыту – біздің демократиямыздың іргетасы. Мұнда халық пен жергілікті атқарушы билік арасындағы көпір рөлін атқаратын мәслихат депутаттарының рөлі ерекше. Өз баяндамамда мен өңіріміз үшін іске асырылуы маңызды, әрі бақылауда тұрған ең маңызды жобаларды атадым. Бұлар жаңа жұмыс орындары мен Маңғыстаудың инвестициялық тартымдылығын арттыру сияқты өзекті мәселелер, - деді Нұрлан Ноғаев.