Ақтауда 9 шілде күні жастар арасында ұлттық спорт ойындарынан жарыс өтеді.
Спорттық жарысты Маңғыстау облысының жастар ресурстық орталығы ұйымдастырып жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Жарыстың мақсаты - өңірдегі ұйымдаспаған жастардың бос уақытын тиімді өткізу, ұлттық спорт ойындарын жаңғыртып, салауатты өмір салтын қалыптастыру.
Аталмыш шарада жастар ләңгі тебу, арқан тарту, қол күресі, гір тасын көтеру, қазақ күресі сынды ұлттық ойындардан сынға түседі.
- Ұлттық спорт ойындарынан жарыс Маңғыстау облысының дзюдо күресі және жекпе-жек түрлері федерациясымен бірлесе өткізіледі. Жарысқа қатысу үшін команда жинақтау қажет, әр топта 16 адамнан кем болмауы тиіс. Тіркелу үшін 8 (771) 977 8877 телефон нөмірі хабарласып немесе 8 шілде күні сағат 17.00-19.00 аралығында "Олжа" сауда үйіндегі "Рахмет" спорт кешеніне (3-қабатқа) келуі қажет. Ал 9 шілдеде сағат 10:00-ден бастап 15 шағынаудан "Амфитеатр" алаңында спорттық бәсеке басталады, - дейді ұйымдастырушылар.
Жеңімпаз команда арнайы диплом, кубокпен марапатталады. Сонымен қатар 1-орынға 250 000 теңге, 2-орынға 150 000 теңге, 3-орынға 100 000 теңге ақшалай сыйақы табысталады.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА