Бүгін Маңғыстау облыстық перинатальдық орталығында «Акушерия және гинекологияның таңдаулы сұрақтары» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бибізада Дүйсенбаева өңірдегі акушерия-гинекология саласының жетістіктері мен нәтижелеріне тоқталып, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
Ақтау, Жаңаөзен, аудандық босандыру медициналық ұйымдарынан келген қатысушыларға «UMC» КҚ, Ресейдің жыныстық инфекциялар және неоплазмалар қоғамының мүшесі, Европалық кольпоскопистер қоғамының мүшесі, м.ғ.к, жоғары санатты акушер-гинеколог Е.П. Дюсекеева және PhD, МРН, жоғары санатты акушер гинеколог дәрігер Д.Д.Мирзахметова акушерия мен гинекологияның өзекті мәселелері жөнінде дәрістер оқып, жүкті әйелдерді басқару бойынша заманауи ұсыныстар мен көптеген жаңа стратегиялық ақпараттар берді.
Конференция үш күнге созылады. 6-7 шілде күндері Ресей, Грузия елдерінен келген білікті эндоскопист дәрігерлер емдеудің жаңа тәсілдері мен мүмкіндіктерін пайдаланып, жедел гинекологиядағы эндовидеохирургиялық әдіспен шеберлік сағатын өткізеді.