Ақтауда өткен Жылой күндері аясында «Достық» үйінде Кең Жылыойдағы Бекет ата дүниеге келген Ақмешіт-Ақкиізтоғай топырағында туған, бүгінде Астана қаласында тұратын ақын, Қазақстан Жазушылар одағының және Түркиядағы Еуразия жазушылар одағының мүшесі, аудармашы, драматург, прозашы, публицист, сатирашы халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты Маржан Ершудың «Маңғыстау туралы поэма» және «Жайықтың жыр Маржаны» бөлімінен тұратын «Каспий - абыз, Каспий – аңыз» атты поэтикалық кеші өтті.
Ақын өзінің шығармашылық кешін «Ақкиізтоғай» өлеңімен ашты.
Топырағыңда кім толқымай тұра алар,
Қойнауыңда «Алтын адам» сынды асыл мұра бар.
Ақкиізтоғай деген атың ардақты,
Кешегінің аңызы боп құралар.
Пір Бекеттің кіндік қаны тамған жер,
Атажұрты – Ақмешіт боп қалған жер,
Ақкиізтоғай қасиетті мекенсің,
Асан қайғы барған жер...
Әбіштей пір Таған байдан тараған,
Батыр баба биік тұрар қарадан.
Қожаназардай бабасына ас беріп,
Жиналыпты сан адам...
Бопай ханымға поэма арнап, бопайтануға үлес қосып жүрген ақын:
Орынбор, Тұзтөбенің тұзын көрсең,
Жылойдың таң қаларсың қызын көрсең,
Атыңнан түскен қайта міне алмайсың,
Қалқаның судан қайтқан ізін көрсең.
Торыайғыр тоқпақ жалды тоғайда бар,
Қыпша бел, жазық маңдай Ноғайда бар.
Көрінге қыздың бәрі сұлу емес,
Сұлу қыз, көзі қара Жылойда бар,-деген өлең жолдарының Бопай ханымға арналған деген пікірін ортаға салып, қазақтың кемеңгер қызының атын келешек ұрпаққа қалдыру, ескерткіш орнату т.б жөнінде айтты.
Мәдени шара аясында Маржан Ершудың шығармашылығына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылып, ҚР Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Нұржан Қуантайұлы, Ы. Алтынсарин институтының директоры, академик Маржан Ғалымжанова қатысты.
«Jasart» жастар театрының орындауындағы «Исатай - Махамбет» драмасының үзінді қойылымынан соң, автор Маржан Ершу өз өлеңдерін оқумен бастады. Арман Жайымның «Қыран қыз – Хиуаз» әнін ҚР мәдениет саласының үздігі Назым Шаймарданова, Республикалық конкурстардың лауреаты Азамат Ізниев шырқады.
Болат Қоқамановтың «Атырау - арман» әнін республикалық конкурстардың лауреаттары Әсет Әлиев, Ақмарал Кәдірбаева, Азамат Ізниев, ҚР мәдениет саласының үздігі Назым Шаймарданова орындап, «Уақыт диалогы» сазды көрінісін Әсия Ержанова атқарып, одан соң автор өз өлеңдерін оқыды.
Әбілахат Еспаевтың «Маржан қыз» әнін Алпысбек Оңайбайұлы, Ықыластың «Қасқырдың ұлуы» күйін қобызшы, Мәдениет саласының үздігі, Д.Нұрпейісова атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінің солисі Ақнар Тәттібайқызы көрерменге тарту етті.
Маржан Ершу - IV халықаралық «Шабыт» фестивалінің Гран-При иегері. Қазақстан Жазушылар одағының және Түркиядағы Еуразия қжазушылар одағының мүшесі. «Дариға ғұмыр, жыр жүрек», «Таңғы шық», «Отырар кітапханасы» сериясымен «Жапырақ ғұмыр», «Аламан», «Ораз би», «Шырақ», «Пырақ», «Білезік», «Феномен» (Ерік Құрманғалиев туралы), «Атырау маржандары», «Шығармашылық лаборатория», «Бопай ханым» т.б оннан астам жинақтың және «Дина», «Исатай-Махамбет» атты драмалардың авторы. Түрік, татар ақын-жазушыларының шығармаларын қазақшаға аударған аудармашы. Нобель сыйлығының лауреаты Орхан Памуктан аударған «Сезім музейі» («Masumiyet Müzesi»), «Решад Нури Гүнтекиннен аударған «Беймаза бозторғай» («Чалыкушу») кітаптары бар.
Халықаралық «Бөбек» қорының арнайы дипломымен марапатталған. 1996 жылы – Атырау қаласының әнұраны «Атырау қалам» әнінің сөзін жазған. Осы әннің сөзін жазғаны үшін «Жылдың үздік ақыны», «Жыл адамы» атағын иеленген. Атырау педагогикалық институтының филология факультетін, әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дың аспирантурасын тәмәмдаған. Филология ғылымдарының кандидаты.
Кеште құттықтау сөз алған Нұржан Қуантайұлы кеш иесіне арнаған «Алты алашта біреу-ақ, Маржан ақын, Маржан қыз!-деп аяқталатын «Маржан қыз» жырын оқыды. Маржан демекші, кеш иесі Маржан Ершу Атырау - Жайық бойындағы есімі елге белгілі 22 Маржанның қатысуымен «Атырау Маржандары» атты шырайлы кеш өткізген.
ҚР Жазушылар одағының, Атырау облысының әкімінің, маңғыстау облысы әкімінің атынан ықылас гүлі сахнаға қойылды.
-Қайырлы кеш, ардақты өнерсүйер ағайын! Қойы қоралас, ауылы аралас Атырау облысыныа келген мәртебелі қонақтарға қош келдіңіздер дейміз! Нұржан Қуантайұлына, Маржан Әнес ханымға қош келдіңіздер айтты. Әлемдік әдебиеттен сыр тартқан Маржан Аманқосқызының керемет кешін өткіздік.
Ақ бұлттар, қара бұлттар, ала бұлттар,
Байқасақ, аспанда да алалық бар.
Біреуде қарт та болса, балалық бар,
Біреуде жас та болса, даналық бар,-деген шумақтың авторы Аманқос ақын мен Алтын секілді ұстаздар отбасында өскен Маржанның бойына өлең әке қанымен дарыған деуге болады.
Кезінде Аманқостың қызы Маржан болса, бүгінде Маржанның әкесі Аманқос дейтіндей дәрежеге жетіп отыр. Бұл Аманқос ағайдың беделін, жинаған абыройын төмендету емес, бұл әкеден оза туған балаға деген құрмет мағынасындағы сөз. Бүгін әкесінің, анасының аруағы бір аунап жатқан шығар,-деп бастаған Нұрлан Асқарұлы өзінің ақынды 20 жылдан бері танитынын, Маржанның шығармашылығына тоқталып, алдындағы Фариза, Ақұштап, Ханбибі, Оңайгүл т.б ақын қыздардың жолын жалғастырып келе жатқанын, шығармашылықта қол жеткізген биігі туралы сөз еткен өңір басшысы сөзінің соңында ақынға: «Қаламыңыз мұқалмасын, жазарыңыз мол болсын!» деген тілегін арнады.
Маржан Ершу шығармашылық кешінде «Хиуаз», «Ырысалы батыр», «Алмас қылыш» т.б поэмаларынан үзінді, Кадрия ақыннан аудармасын, Қожанасыр әңгімелерінен «Же, шапаным» сатирасын оқып, көрермен қошеметіне бөленді.
Сонымен бірге тұңғыш рет көрерменге қойылым ретінде тарту етілген «Уақыт диалогы» атты Фариза ақынмен жыр айтыстың дүниеге келуі туралы әңгімелеп, әуелі поэзия ханшайымына арнап поэма жазғысы келгенін, кейін Ф.Оңғарсынованың «Алмас қылыш немесе Махамбетпен қалай кездестім» поэмасының негізінде жаңа форма ойлап тапқанын айтқан ақын: «Бұл поэзиядағы жаңалық деуге болады. Бүгін осы шығарма Ә.Исаеваның идеясымен шығып отыр. Өзім риза болдым,-деді.
«Табиғатым» өлеңінде: Өлеңімді көкке жазам, Жұлдыздардың жарығымен!» дейтін ақын сол сертінен таймағандай көрінді.
Үміт ЖӘЛЕКЕ