Бүгін Ақтауда өңір баспасөзінің ұстаханасы «Маңғыстау-Медиа» ЖШС орталығына «Оқушылар орталығының» тәрбиеленушілері келді. Оларға орталықтың мұражайы таныстырылып, өңір басылымдарының қалыптасу кезеңі туралы айтылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бүгінде өңірдегі газеттердің барлығы «Маңғыстау-Медиа» орталығынан шығады. Оқушыларға осы газеттердің тарихы жеке баяндалып, жұмыс сәттеріндегі суреттер мен алғашқы басылым құрылғылары таныстырылды. Мұның барлығы орталықта былтыр ашылған мұражайда жинақталған.
Сонымен қатар, «Оқушылар орталығының» тәрбиешілері, шәкірттері газеттің шығу процесі оның ішінде мақала жазудан бастап, газетті беттеу, дизайн мен форматын, мазмұнын жобалау және басып шығаруға дейінгі үрдіспен жақынырақ танысты.
- Газет - қоғамда құндылығы мен қадір-қасиеті мызғымайтын өміршең ағарту құралы деп айта аламыз. Ғаламтор мүмкіндігі өрістеген сайын баспасөз болашағына алаңдаушылық белең алғаны рас. Алайда газеттің діттеген мақсатын түйсіне білуіміз қажет. Ол - ұлттық мәдениетіміз және руханиятымыздың көсегесін көгерту. Оқу мәдениетінің бет алысын болжау арқылы әлемдік өркениеттегі өз орнымызды мығымдай аламыз, - деді «Маңғыстау-Медиа» ЖШС директорының орынбасары Лаура Тындырғанова.
«Оқушылар орталығының» педагогтары өз әсерлерімен бөлісіп, медиа орталық қызметкерлеріне қызықты экскурсия үшін алғыс білдірді.
- Бүгін біз "Маңғыстау-Медиа" ЖШС-на барып, медиа-холдингтің құрамына кіретін газеттердің жұмысымен, сондай-ақ сайттың дыбыс жазу студиясымен таныстық. Орталық оқушылары мен балабақша балалары көптеген жаңа және пайдалы ақпарат алды. Бүгінгі іс-шарадан кейін олардың кейбірі қиын және жауапты журналист мамандығын таңдауы мүмкін. Мерзімді басылым қызметкерлерін ұлттық баспасөз күнімен құттықтаймыз! Оқырмандар санының артуын, әрдайым жақсы жаңалықтар, шығармашылық табыс пен өшпес шабыт тілейміз, - деді "Оқушылар орталығы" КММ-нің педагог, психологы Марина Имаева.
Мереке қарсаңында Орталықта суреттер байқауы жарияланған, онда балалар баспа саласы туралы өз көзқарастарын және олардың рөлін көрсетті. Осыған орай бүгін 15-тен астам бала I, II және III дәрежелі дипломдармен және тәтті сыйлықтармен марапатталды.
- Мен Ұлттық баспасөз күніне орай ұйымдастырылған байқауға қатысып, екінші орын иелендім, тәтті сыйлық алдым. Мен өзім "Огни Мангистау" газетін өте жақсы көремін, әрқашан оқимын! Көңілді уақыт пен көңіл бөлгеніңіз үшін рахмет. Маған бәрі ұнады, күн керемет болды. БАҚ қызметкерлерін мерекемен құттықтаймын! Журналистерге шығармашылық табыс тілеймін. Олар бізді қызықты және танымдық материалдарымен қуанта береді деп үміттенеміз, – деп атап өтті орталықтың тәрбиеленушісі Иван Голубь.
Айта кетейік, «Маңғыстау-Медиа» ЖШС құрамында 8 газет бар. Атап айтар болсақ, «Маңғыстау» және «Огни Маңғыстау» облыстық газеттері, сонымен қатар «Жаңаөзен» қалалық газеті және 5 аудандық, «Жаңа өмір», «Рауан»,«Ақ кетік арайы», «Мұнайлы», «Қарақия» газеттері бар.