Ақтауда бірнеше шағынауданды жылумен қамтитын магистральдық жылу құбырында жөндеу жұмыстары аяқталып, ыстық су мен жылу берілді. Қазір бірнеше шағынауданда ыссы су мен жылу қалыпқа келтірілді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қала әкімі Ұлықбек Тналиев пен «КЖСА» МКК директорының орынбасары Ислам Үсенов тұрғын үйлердің жер төлелерін тексеріп, жағдайды бақылауда ұстауда.
Кеше диаметрі 820 мм магистральдық құбырда ақау шығып, бірнеше шағынауданда жылу ажыратылды. «Каспий жылу, су арнасы» мекемесінің 20 қызметкері мен 10 техникасы жұмылдырылып, ақауды реттеді. Бүгін таңертең Ақтау қаласының әкімі мен «КЖСА» МКК директорының орынбасары тұрғын үйлердің жер төлелерін тексерді.
-Қазір біз 10, 14 шағынаудандардағы бірнеше үйлерге бардық. Жылу беріліп жатыр. Қажетті жағдайда ауасын шығарып, реттеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Аталған жұмыстарға «Каспий жылу, су арнасы» МКК, қызмет көрсетуші мекемелері мен Ақтау қалалық тұрғын үй инспекциясының мамандары жұмылдырылды. Жылу төменгі шағын ауданнан жоғары шағын аудандарға келіп жатыр. Жағдай бақылауда тұр, - деді қала әкімі.
«КЖСА» МКК директорының орынбасары Ислам Үсенов бес шағын ауданда жылу қалпына келтірілгенін айтты.
-Қазіргі уақытта 9,10,11,14,15,26 ш/а жылумен жабдықтау қалпына келтірілді. Кешке дейін қалған шағынаудандардағы жылу да қалыпқа келтіріледі, магистральдық жылу желілерінде реттеу жұмыстары жүргізілуде, - деді «КЖСА» МКК директорының орынбасары Ислам Үсенов.