Ақтау қаласында шахматтан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында «KASPY CHESS» турнирі өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚКО сілтеме жасап.
Шараның негізгі мақсаты - шахмат спортын насихаттау, танымалдығын арттыру және облыстағы шахматшылардың достық пен сыйластыққа негізделген қарым-қатынасын нығайту.
Теңіз жағалауындағы шахматтан «Kaspy chess» турнирінде 52 бала үздік зияткер атағы үшін күресті. Ең кішкентай қатысушы - 5 жаста. Турнирді дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен «Біз спорт үшін есірткіге қарсымыз» ҚҚ ұйымдастырды.
- Алдағы уақытта турнир дәстүрлі сипат алады. Біз жастарды әрдайым спортқа баулығымыз келеді. Бейім балаларды анықтап, спортқа деген сүйіспеншілігін оятуға тырысамыз. Абай атамыздың «қарны тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» деген тәмсілі бар. Сондықтан өскелең ұрпақты спортқа, шығармашылыққа, интеллектуалды ойындарға қызықтыра отырып, тәрбиелеуге тиіспіз. Білімді ұрпақ- ұлт болашағы,- дейді Роман Оразымбетов.
Шара соңында 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер марпатталды. Сондай-ақ қыздар мен 12 жасқа дейінгі балалар арасында үздіктер анықталды. Жеңімпаздарға кубоктар, медальдар, грамоталар, естелікке шахмат тақтасы табысталып, ақшалай сыйлықтар берілді.
Қыздар арасында 8 жасар Алуа Бейбіт үшінші орынды иеленді. Ақтау қаласының тұрғыны Жазира Кемелханқызының айтуынша, қызы Алуа Бейбіт шахмат ойынымен 5 жастан бастап айналысады.
- Алуа 2023 жылы шахматтан Маңғыстау облысының чемпионы атағына ие болды. Қазіргі таңда мектепте арнайы қосымшаға қатысады. Ал үйде атасымен шахмат ойнап, дайындалады. Турнир өте жақсы өтті. Қызым үшінші орынды иеленді. Алуа үшін бұл шара үлкен мотивация берді. Алдағы уақытта да осындай шараларды күтеміз. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз,- деді Жазира Кемелханқызы.