Ақтауда шағынаудан азаматтары бірігіп, ерікті түрде құлсарылық тұрғындар қоныстанған жатақханада қызмет етіп жатыр. Олар ақша жинап, киіз үй құрған. Осылайша, тұрғындарды уақытылы аспен қамтамасыз етіп отыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Еріктілер қатарында жүрген жанның бірі – Расул Ходжаев. Ол «Қазаэронавигация» мекемесінде жұмыс істейді. Айтуынша, елдегі төтенше жағдай оны бейжай қалдырмаған. Осы орайда қаладағы шағынаудан жігіттері де «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға» ниет білдірген.
«Құлсарыдан келген азаматтар үшін жатақхана артынан бір киіз үй тіктік. Аспаз жалдап, қазан асып, екі күннен бері уақытылы тағаммен қамтамасыз етудеміз. Енді кешке «Қазаэронавигация» мекемесі ауызашар береді. Сонымен қатар «Каз транс ойл» мекемесі, жеке кәсіпкерлер де қол ұшын созып, қолдау білдіріп жатыр. Жалпы шағынаудан жігіттері бөлінбестен қызмет етіп жүр. Елдің күші – бірлікте, бір болайық», - дейді Расул Ходжаев.
Волонтерлар қатарында Расул Ходжаев, Асқар Нұранов, Дәурен Уразалиев, Әділбек Кубышев және басқа да 100-ге жуық азамат бар. Олар арнайы Whatsapp желісінен ортақ чат құрған. Сол арқылы тегін такси қызметін, гуманитарлық көмекпен қамту сынды жұмыстарды жедел ұйымдастырып отыр.
Сонымен қатар 17 шағынаудандағы жатақханада күндіз-түні Маңғыстау облыстық жастар басқармасының мамандары мен үкіметтік емес ұйымның қызметкерлері көмек көрсетіп жүр.
Бұдан бөлек 6 шағынаудан облыстық Жастар ресурстық орталығында гуманитарлық көмек жиналып жатыр. Осы уақытқа дейін жергілікті желі белсенділері, кәсіпкерлер, қала тұрғындары мен ҮЕҰ өкілдері, Әзербайжан елшілігі гуманитарлық көмек табыстаған. Қазіргі таңда орталықта 20-дан аса волонтер бар.
«Қазіргі таңда гуманитарлық көмек ретінде гигиеналық заттар, азық-түлік пен төсек жабдықтары қабылдануда. Біз, волонтерлар, елдің берген көмегін қабылдап, сұрыптап жатырмыз. Таңертең, кейде түскен кейін келіп, кешкі 22:00-ге дейін осы орталықта жүреміз. Осындай қысыл-таяң кезде жұмыла жүріп, қызмет еткеннің өзі үлкен жауапкершілік. Ең бастысы халқымыз аман болсын, бірлігіміз ажырамасын», - дейді волонтер Амангүл Жамкенова.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА