«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» 2013 жылғы 16 қаңтардағы № 70-V Заңының 48 бабы 6 тармағына сәйкес, Маңғыстау облысының туризм басқармасымен жергілікті ұйымдармен келісе отырып, Қазақстан Республикасының аумақтық ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарымен келісілген ұсынулары бойынша жұмыстар ұйымдастырылып, жыл сайын режимдік шектеулердің қолданысы тоқтатыла тұратын – екі мильге дейінгі арақашықтықта теңізге еркін шығуға, белгіленген акваторияда жеке және заңды тұлғалар демалыс, туризм және спорт үшін пайдаланатын қазақстандық шағын көлемді өздігінен жүзетін және өздігінен жүзбейтін кемелердің және мұз үстімен жылжитын құралдардың жүзуіне және пайдаланылуына жол берілетін Каспий теңізінің жағалауы маңы учаскелерінің тізбесі белгіленді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
«Әділет» ақпараттық құқықтық жүйесінің https://adilet.zan.kz ресми сайтында Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 29 наурызда № 32149 болып тіркелген «Режимдік шектеулердің қолданысы тоқтатыла тұратын Каспий теңізі жағалауындағы учаскелерді белгілеу туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 2023 жылғы 24 наурыздағы № 11қе бұйрығы жарияланды.
Осыған байланысты, Маңғыстау облысының туризм басқармасы аталған Бұйрыққа сәйкес жеке және заңды тұлғаларға демалыс, туризм және спорт мақсатында, 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін теңіз экономикалық қызмет аудандарын (теңіз порттары, су тарту арналары, газ терминалдары, теңіз дәліздері және фарватерлер) қоспағанда, Бұрыншық мүйісінен бастап Сүйе мүйісіне дейін Каспий теңізінің қазақстандық секторында режимдік шектеулердің қолданысы тоқтатылатындығын хабарлайды.
Сонымен бірге, Маңғыстау облысының тұрғындарына, демалыс және туризм, спорт саласындағы субъектілерге, демалушылар мен туристерге аталған мерзімде белгіленген акваторияда жеке және заңды тұлғалар демалыс, туризм және спорт үшін пайдаланатын қазақстандық шағын көлемді өздігінен жүзетін және өздігінен жүзбейтін (суүсті және суасты) кемелерге (құралдарға) және мұз үстімен жылжитын құралдарға теңізге екі мильге дейін қашықтыққа еркін шығуға рұқсат етілетіндігін хабарлаймыз.