Маңғыстау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айбек Имашев Ақтауда 19-21 ақпан аралығында өтетін чемпионатқа еліміздің 17 облысынан және Астана, Алматы, Шымкент қаласынан 20 команда қатысатындығын мәлімдеді, деп хабарлады mangystaumedia.kz ҚКО-ға сілтеме жасап.
-8 түрлі салмақ дәрежесінде ұлдар, 8 түрлі салмақ дәрежесінде қыздар және жауынгерлік самбо күресінен 8 түрлі салмақ дәрежеде ұлдар, барлығы 24 түрлі салмақта өнер керсетеді. Әр облыс құрамынан жарысқа 2 спортшы жіберіледі. Спортшылар үмітімізді ақтайды деген сенімдеміз, - деді Айбек Имашев.
«Жас батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Манарбек Бисекенов алдағы өтетін жарысқа 500-астам спортшы қатысатынын айтты. Соның ішінде, Маңғыстау өңірінен барлығы 32 спортшы ат салысады.
-Батырларымыз республика және әлемдік ареналарда көк туымызды желбіретіп, әнұранымызды шырқатып келеді. Бұған дәлел ретінде, спортшыларымыз соңғы 7 жылда республикалық турнирлерде 216 медаль, халықаралық турнирлерде 120 медаль, Қазақстан республикасының чемпионаттарында 93 медаль және Әлем чемпионатында 20 медаль, Азия чемпионатында 21 медальға ие болды. Байрақты бәсеке тартысты өтетіні белгілі. Бұл жолы да маңғыстаулықтар қалыс қалмайтынына сенімдіміз, - деді Манарбек Бисекенов.
Республикалық чемпионатта барлығы 25 төреші өз жұмысын атқарады.
-Қазір Ақтау қаласындағы «Жас батыр» спорт мектебінде спортшыларымызға оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатырмыз. Маңғыстауда самбодан әлемдік ареналарда чемпион атанып жүрген спортшыларымыз аз емес, - деді Маңғыстау облысының самбо күресінен жастар арасында аға бапкері Бағылан Ибрагим.
Чемпионат 33-шағынауданда орналасқан «Маңғыстау арена» спорт кешенінде өтеді.