Ақтауда республикалық «Абысын-ажын» байқауы өтті. Сындарлы сайысқа 8 облыстан 75 келін қатысып, бақ сынады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Іс-шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасы Звира Есбергенова ұлтымыздың ата дәстүрі, салт-санасы - халқымыздың ғасырлар бойы мысқалдап жинаған рухани қазынасы, ұрпақтан- ұрпаққа қалдырған мұрасы екенін айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
- Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық Ұлттық комиссияның мүшесі, «Қазақ аналары - дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің басшысы Айнұр Жүгінісованың бастамасымен өткен байқау ұлттық дәстүрлерімізді дәріптеуді көздейді. Бүкіл әулеттің ұйытқысы - абысындар татулығы деп әспеттеген халықпыз. Тағылым - тәрбиесі мол байқаудың біздің өңірде өтуі біз үшін зор құрмет. Аталған шара Ақтау қаласының 60 жылдығына, Маңғыстау облысының 50 жылдығына тұспа-тұс келіп тұр. Жастарымыздың бойына отбасылық құндылықтарды сіңіру арқылы ұлттық сананы оятуда, саналы қоғам қалыптастыруға ықпал етуде бұл жарыстың үлесі мол,-деді Звира Есбергенова.
Сонымен қатар, байқауда Республикалық отбасы және әйелдер істері жөніндегі комиссияның төрағасы Ләззат Сүлеймен әділ қазылар алқасының төрайымы болды. Қатысушылар талантын әділ бағалау мақсатында фонограммаға тыйым салынды
«Қазақ аналары - дәстүрге жол» атты республикалық қоғамдық ұйымның өкілі Мәнет Шырақбайдың айтуынша жарасымды жанұя әйел адамға байланысты. Оны өскелең жас ұрпақ түсінуі тиіс.
- Бұл шара аясында қазақи нақыштағы ұлттық киімдерімізге мән беріп, абысын арасындағы татулықты көрсеткіміз келді. Өйткені бұл мұра - халқымыздың өзіндік қадір-қасиетін, жан-дүниесін, тұрмыс-тіршілігін айқындай түседі,-деді Мәнет Шырақбай.
Байқау 5 бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлімде қатысушылар өздерін таныстырса, екінші бөлімде «шебердің қолы асыл» демекші келіндер өз өнерлерін көрсетеді. Келесі бөлімдерде сұрақтарға жауап беріп, қол-өнер бұйымдарын ұсынып, қойылымды сахналайды. Өңір намысын қорғау үшін Бейнеу ауданы «Бітімовтар» әулетінен арнайы 12 келін келген.
- Бір әулеттен 12 келін өнер көрсетуге Ақтау қаласына келіп тұрмыз. Үлкеніміз 75 жаста, кіші келініміз 30 жаста. Бұл жарысқа 2 апта көлемінде дайындық жүргіздік. Текемет басып, этно-жадағайымызды тігіп, арқалап келдік. Ансамбль құрып, көпшіліктің алдында ән айтамыз. Интернеттің пайдасы және зияны туралы қойылым қоямыз. Бүкіл әулетіміздің үлкендері бірден бізді қолдады. 12 келін болсақ та абысын-ажындар арасында сыйластық, тәртіпті сақтаймыз. Жасы үлкені кішілерге көмек көрсетіп, бірлікке шақыруды көздеп, әрдайым ақылдарын айтады,-дейді Әлия Әбділдәқызы.
Сонымен қатар Эльвира Әлібекқызының айтуынша бір отбасыдағы 4 абысын туған өлкесінің қасиеті мен әулетінің ауызбіршілігін көрсету мақсатында сонау Абай облысы Семей қаласынан келген.
- Көнеден келе жатқан салтымызды келешек ұрпағымызға аманаттау мақсатында «Ертіс еркелері» деген атпен келіп тұрмыз. Енемізден көріп, үйренгенді көпшілікке үлгілегіміз келеді. Барлығы өте жоғары деңгейде өтті,-деді Эльвира Әлібекқызы.
Байқау қорытындысына сәйкес бас жүлде Алматы облысынан келген қатысушыларға бұйырды. Ал 1-орынды Маңғыстаулық Бітімовтар әулеті иеленді.