Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев газоблок өндіретін зауыттың жұмысымен танысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған зауыт Ақтау қаласындағы «Артекс» өндірістік базасы аумағында құрылған. Қазіргі таңда зауыт тесттік режимде жұмыс жасайды. Зауыт газоблоктан басқа кеспе тастар(брусчатка), арматуралық торлар және басқа да құрылысқа қажетті материалдарды өндіру жұмыстарымен айналысады. Қазіргі таңда өндірісте 60 жұмысшы қызмет атқаруда. Жоба жетекшісі Сергей Пустобаевтың айтуынша, зауыт толық іске кіріскен соң, 100-ге жуық жаңа жұмыс орындары ашылады.
- Бүгінгі таңда құрылыс индустриясындағы газоблоктарды - сұранысқа ие өнім. Газоблок беріктігі жоғары, әрі тығыздығы төмен болып келеді. Газоблок автоклав тәсілімен жасаймыз. Біз қазір өнімді сертификаттау жұмыстарын жүргізудеміз. Қазан айының соңына қарай облыстың құрылыс индустриясы нарығына шығамыз деп жоспарлап отырмыз, - деді «ARTEX Machinery» ЖШС өндірістік базасының жоба жетекшісі Сергей Пустобаев.
Қала әкімі жергілікті өнімді қолдаудың маңыздылығын атап өтті.
- Шағын және орта бизнес - экономиканың негізгі даму күші. Құрылыс индустриясына қажетті материалдарды өндіретін зауыт бізге аса қажет. Себебі бұл жоба өңіріміздің экономикасын, шағын және орта бизнестің дамуына өз үлесін қосады. Сонымен қатар, алдағы уақытта салынатын әлеуметтік нысандар мен кәсіпорындарға баға және сапа жағынан үлкен септігін тигізеді, - деді Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев.
Аталған зауыт өңіріміздегі газдалған бетон блоктарын өндіретін жалғыз өндірістік база.