Ақтауда 29 қазан күні Абай атындығы мәдениет сарайында ақын, ҚР жазушылар одағының мүшесі Рахат Қосбармақтың «Бесінші мұхит – берен жыр, сегізінші бояу - өлең-дүр» атты шығармашылық кеші өтеді.
Әділетсіздік лаңын серпіп тастар өр рух, тиген жерін тіліп түсер тегеуріні зор семсер сөз иесі өз шығармашылығының қоғамның өзекті мәселелерімен үндесетін көкейтестілігімен қазақ әдебиетінің салқар көшін бастаған аға буын – азулы ақындардың оң бағасын алып, биік талғам мен ұлттық танымға иек артқан жалқы оқырманның жүрегіне жол салды. Ақынның туған жер, туған халық, туған тіл туралы өлең өрнектеріндегі пайымдары мен ой-толғамдары өзектілігімен, өткірлігімен, өміршеңдігімен өскелең өрендерге өнеге боларлықтай.
Адуынды ақынның ер жасы - елуге толу мерейтойына орай сайт оқырмандарының назарына қарымды қаламгердің өмірі мен еңбек жолы, шығармашылығы туралы деректерді ұсынамыз.
****
Рахат Құсайынұлы Қосбармақ 1972 жылы 19 маусымда Маңқыстау облысы Бейнеу ауданының сол кездегі Ақжігіт ауылдық кеңесіне қарасты «Қызыләскер» (бұрынғы Қаражүзген) деген жерде, Сам құмында (бұрынғы Тұрман топырағында) дүниеге келген. Р.Қосбармақ 1979 жылы Сырға елді мекеніндегі Әліби Жанкелдин атындағы орта мектепке оқуға барды. 1980-81 жылдары Сай-Өтес елді мекеніндегі сегіз жылдық мектепте бір жыл оқыды. 1989 жылы Сыңғырлау селосындағы Сыңғырлау орта мектебін бітірді. 1989 жылы Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түскен ол оқи жүріп, студенттердің республикалық «Өркен» газетінде (1990-1991 жж.) алдымен корректор, артынан тілші, тәуелсіз қоғамдық-саяси басылым «Жас қазақ» газетінде (1992-1993 жж.), Бейнеу аудандық «Рауан» газетінде (1991; 1993 жж.) тілші және қазақ-түрік бірлескен «Таң-plus» телекомпаниясында (1994 ж.) редактор болып еңбек етті. 1994 жылы университетті бітірген соң елге келіп, Маңқыстау облыстық телерадиокомпаниясында 2002 жылдың желтоқсан айына дейін редактор, аға редактор, бас редактор, төрағаның орынбасары болып жұмыс істеді. (Облыстық телеарнаның эфирі арқылы 400-ден астам телехабар дайындап, 8 жылдан астам уақыт бойы жемісті еңбек етті)
2003 жылдың қаңтар айында жеке меншік «Рахат&Со» ЖШС-ін ашып, сол жылдың наурыз айында жеке меншік «АР» телестудиясын құрды.
«Маңғыстауэнергомұнай» ЖШС-нде бірер ай аудармашы болып еңбек еткен Р.Қосбармақ 2004 жылдың маусым айынан бастап 2005 жылдың маусым айына дейін Маңқыстау облыстық кедендік бақылау департаментінің жұмысты ұйымдастыру және бақылау бөлімінің бас маманы, баспасөз қызметінің жетекшісі қызметін атқарды. 2006 жылдың қаңтар айынан маусым айына дейін «Отан» РСП «Маңқыстаумұнайгаз» АҚ жанындағы өкілдігі төрағасының І-орынбасары болып жұмыс істеді. 2006-2009 жылдар аралығында республикалық тәуелсіз қоғамдық-саяси басылым «Ар.kz» газетінің бас редакторы болды. 2009-2011 жылдары «Catkaz» ЖШС Бас директорының кеңесшісі қызметін атқарды. 2013-2019 жылдар аралығында «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның салалық басылымы – «Мұнайлы өлке» газетінің штаттан тыс тілшісі болып еңбек етті. Қазір жеке шығармашылықпен айналысады.
2006 жылдан бері Қазақстан Журналистер Одағының, 2010 жылдың маусым айынан бері Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы стипендиясының иегері.
****
«Рахаттың сай-сүйегін сырқырататын Мұңалжардың күйген бауырдай киелі жоталары да күншығыс теріскей бетте, құрық созым қашықтықта. Рахат туған Сырға пірлердің соңы Ер Бекеттің тауды қашап, тасты матап орнатқан төрт құтханасының ортасында орналасқан. Қысқасы, ол арада туған ақын көкірек адамның көзіне атамекен, көңіліне атажұрт алдымен оралып, ерекше елжіремеуі еш мүмкін емес. Оның көзін қыдықтаған Жердің өзі тарих боп ымдайды. Оның құлағын қыдықтаған Желдің өзі тарих боп ызыңдайды.
..Оның ақындық шанағы да асқақтатып ән шырқатып, желкілдетіп тіл безетпей, көкірегіңді күбірткедей солқылдатып, мұңлы күй шалғызатын көйгөй домбыраға көбірек келіңкірейді екен. Желпінтпейді, ойландырады. Құлшынтпайды, толғандырады»
Әбіш Кекілбайұлы
Табиғаттың оты мен желінің өтінде тұрған Бейнеу ауданының Сыңғырлау ауылында туып-өскен, Қашағанның жырын жаттап, Досат пен Қайыптың әнін қанына сіңіріп, Абыл мен Есірдің күйін тыңдап өскен, бұл күнде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің студенті Рахат Қосбармақов сол сиректердің бірі болып шықты.
Фариза Оңғарсынова
Оның «Жаздың ең соңғы күні», балаларға арналған «Кемпірқосақ» еңбектерінен тек өзіне ғана тән үн мен сарынды, қуат пен жігерді көрдім. Ол жинақтардағы образды оралымдар мен тосын сөз тіркестерінен әлі де ашылмай жатқан, бірақ ашылуға тиіс бұла еркіндік пен арқалы ақындықты бар тұла бой, жан-тәніңмен сезініп отырасың. Кесіп айтады. Есіп сөйлейді. Лап етіп көтеріледі. Лақ етіп төгіледі.
Темірхан Медетбек
«Әр ақынның өз үні, өз даусы болуы керек» деп жатамыз ғой. Ендеше, Рахаттың өз даусы бар. Не жазса да, өзінше жазады. Жас ақындарға «ауру» болып жабысатын еліктеу-солықтаудан да Рахат ада. Рахаттың жазатыны – кәдімгі адами сезімдер, дүнияуи тіршілік, кәдімгі дала, кәдімгі жел.
..Рахат жырлаған атақоныс Маңғыстаудың сардиған сары даласы да, Самның қылтанақсыз ақ шағылы да, ығыр қылатын Бейнеудің сарнаған желі де, «күн астына қарай күңірентіп тартар» кереге жал Күреңі де етене, көзге оттай басылып, жүрекке жылы тиеді»
Есенғали Раушанов
****
Сам құмы
Садағаң кетейін, Сам құмым!
Сарайым, алтын сандығым!
Кіндігімді кескеннен,
Кірімді жуып өскеннен;
Кінәмшіл мынау дүниенің
Кілтін бұрап шешкеннен
Саған байланған тағдырым.
Шалқалап жатқан шағылым,
Шашаусыз жиған лағылым,
Шалдардан қалған сары
құмым.
Өмірдің бір-бір белесі –
Өзіңде өткен әр күнім.
Орғи-орғи жүгірген
Ор қоянның шабысы-ай!
Қарғи-қарғи қашатын
Қарсақтың жортақ қағысы-ай!
Алп-алп басқан алшаңдап
Арланның аяқ алысы-ай!
Дала кезген секеңдеп;
Үп етсе үркіп кер қоян,
Көрмеген қолдан секер жеп.
Қарақалы мен мәліні
Қабыландай бауырын
көтермек.
Көкжиекке үңіліп,
Көзің талай ойылып,
Қарай-қарай талатын
«Қарақұйрық па екен?!» деп;
Қара жонда жүйткіген
Қалың киік нөкер боп;
Қасқыры қайрап азуын:
«Қайсысын азық етем?» –
деп;
Қарашұбар жыланы:
«Қайсысын шақсам екен?» –
деп;
Ащыағардың арнасын
Айнала біткен қамысы-ай!
Жалпиған жазық жондарың –
Өгіздің тері талысы-ай!
Жусаны мен изені –
Жусаған малдың азығы.
Тобылғы мен тораңғы –
Құмға қаққан қазығы.
Жанарлары мөлдіреп,
Жалаушасы желбіреп,
Жауқазыны жайқалған
Жан баласына жоқ жазығы.
Құмаршығы мен көсігі,
Өр жантағының өсуі –
Құпия құмның саз үні.
Шашақты шиі, шағыры,
Торғайоты, қоңыры,
Тарғыл шөбі – таз ұлы.
Ебелегі, еркегі,
Жүзгені, жыңғыл көркемі –
Жағалай өскен жазығы.
Түйеқарыны, мортығы,
Қаңбағы, раң, қортығы –
Аралас өскен аз ірі.
Адыраспан, ажырық,
Алабұта, теріскен –
Алланың бұ да берген
фазылы.
Салақұлаш сарыүйек:
«Сандалуың бекер», – деп;
Еріншектеу есінеп:
«Ерте тұрған екем», – деп;
Ешкіемері ербиіп,
Кесірткесі кекеңдеп;
Құрбақасы құрылдап,
Құм жыланы суылдап,
Жарқанаты жалпылдап,
Байғыз жылап солқылдап,
Түлкі жортқан тепеңдеп;
Ұзақты күн бойына,
Ұласып түн қойнына
Улыған да-шулыған,
Боп жататын дулы қан;
Құмның құмбыл тірлігін,
Құшағында өткен бір күнін
Қалай айтам «Жаныма
Жақын емес, бөтен» деп?!.
...Білеулінің әлі де
Біз білмейтін бар мәні.
Белдеуліден бері қарай
Талай тарих самғады.
Тесіктасты тербесең,
Сан мың аңыз сарнады.
Құсшы әулие – қорықсаң,
Құдайдың берген қорғаны.
Қуыс сайды қуалап,
Далбаса тірлік бекер боп,
Күйкеннен әрі созылған
Ащыағарым арналы.
Жағалай өскен жасыл шөп,
Жарлауыт биік жан-жағы...
Төсіңде талай өтті ғой
Қазақтың жоғын жоқтап
кетті ғой
«Таудан мұнартып ұшқан
тарланы»,
Жаудан жүрегі қайтпас
арланы.
Аудан аман шыққан ардағы,
Баудан басы босаған
сардары.
Абадандарым азулы,
Асыл да туған ар жағы.
Талай да-талай өтті ғой
Халықтарым қазыналы,
Алыптарым арбалы.
Саңлақтарым саңқыған,
Саудагерлерім дорбалы.
Адамның небір гүрлері,
Айуанның небір түрлері:
Қапысы мен тақысы,
Шоңы менен шоқысы;
Қанжары мен қармағы,
Запысы мен заржағы;
Жарып аққан жармалы;
Өзегіне от кіріп,
Өңешіне шоқ кіріп;
Сағымға сіңген арманын
Садақтан атқан оққа іліп;
Қара жердің қабатын
Қақ айырып алатын;
Құмның жарып тереңін
Құйылған алтын зереңім –
Ұлы жолдың бойына,
Ұласпаның ойына
Қуалай қонған көп құдық.
Сары кітапқа енгізіп,
«Сам шаһары» дегізіп;
Күнінде қорған салдырған;
Кереге жалдың үстіне
Керуен сарай қалдырған;
Кесілген басын бабаның,
Төгілген арын ананың
Келешек күнге кек қылып,
Кеудеге намыс ектіріп;
Көкірегін керген қайғыға
Көбе-қабырғасын сөктіріп;
Ай, шалдарымда да арман
жоқ –
Дұшпанның даусын
бақыртып,
«Атандай даусын ақыртып,
Сақ, үйсіні, сарматы,
Сары орыстың солдаты,
Қытайы мен Ұрымы,
Қырғызы мен қырымы,
Қызылбас пен қыпшағы,
Миллион көші, мың саны,
Жөйіті мен жоңғары,
Қазағы мен қалмағы.
Қаншасының кәлласы
Қара жеріңде қалмады.
Сенде туып, сенде өлген,
Сегіз ұжмақ бесігінде
тербелген
Перзенттің жоқ-ау арманы!
Пенденің жоқ-ау арманы!
Көкбөрісі көкке ұлып,
Көк байрағын көкке іліп;
Көненің тыңдап баянын,
Көзінің жасын төктіріп;
Айшылық жолды шектіріп,
Атанның белін шөктіріп;
Аңызаққа жүзін өптіріп,
Аңқасын әбден кептіріп;
Лауазымын көкке шақыртып»,
Атасына нәлет қылғанын
Аузына құйған өт қылып.
Асылы, осы құмнан біткен-ау,
Ар жағы осы шөлден шыққан-
ау –
Қанына тартқан қайсарлық,
Жанына қонған жайсаңдық,
Шытынамас шыдамдық,
Құпияға құмарлық,
Кесіп айтар ақындық,
Кескекті туған батырлық,
Кесек турар ірілік,
Ұсақтамас ұлылық,
Қазаққа ғана тән Тектілік!