Ақтаудағы Достық үйінде “Қазпошта” АҚ Маңғыстау облыстық филиалының директоры, осы салада 40 жылдық еңбек өтілі бар Дариға Утебалиеваны зейнет демалысына шығарып салуға арналған салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Салтанатты шараға пошта ардагерлері, филиалдың жас буын өкілдері, серіктестері мен жергілікті атқарушы билік өкілдері жиналды.
Дариға Утебалиева 1981-1981 жылдары Астрахан қаласындағы байланыс училищесінде «байланыс операторы» мамандығы бойынша білім алған. 1981-1983 жылдары байланыс электротехникумын «кәсіпорындарында жоспарлау бағытындағы экономист мамандығы» бойынша тәмамдайды. Оқуын аяқтаған соң, жолдама негізінде жас маман ретінде Маңғышлақ облысының Шевченко қаласына облыстық байланыс басқармасының қарамағына жіберіледі. Еңбек жолы Маңғышлақта 1983 жылдың тамызынан бастап Шевченко қаласындағы №2 пошта байланысы бөлімшесінде байланыс операторы болып басталды. 1984 жылы облыстық байланыс басқармасына жоспарлау бойынша экономист қызметіне ауыстырылады. Сол жылдың аяғы жоспарлау және маркетинг қызметінің басшысы қызметіне тағайындалады. 1991-1995 жылдары аралығы қазақ экономикалық университетін еңбек ресурстарын басқару мамандығы бойынша тәмамдап, еңбек экономисі мамандығын алып шығады. 1995 жылы мемлекеттік пошта қызметі басшысының орынбасары болып тағайындалған. Бұдан әрі «Қазпошта» Маңғыстау облыстық филиалы директоры қызметін 2019 жылға дейін атқарып, 2019 жылдан бастап облыстық филиалдың директоры қызметіне ауысады.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың арнайы құттықтау хатын жеткізген облыс әкімінің орынбасары Звира Есбергенова «Қазпоштаның» Маңғыстау облыстық филиалының аймақ үшін маңызына тоқталды.
-Маңғыстау облысының 50, Ақтау қаласының 60 жылдығымен қатар келген «Қазпоштаның» 50 жылдығы – мекеменің аймақпен бірге жасап келе жатқанындығына дәлел. Бұл дегеніміз – «Қазпошта» қызметкерлерінің аймаққа сіңірген еңбегі мол деген сөз. Ел мен елді, қаламен ауылды байланыстырып отырған бұл салада еңбек ету – мақтаныш. Пошта қызметінің де сапалы болуы аса маңызды. Осы саланың басы-қасында 40 жыл тапжылмай жүрген Дариға Ерғалиқызының жұмысын ерлік деп бағалауға болады. Пошта саласының тәжірибелі мамандарын тәрбиелей отырып, біраз қызметкердің алғашқы ұстазы болды. Адам мінезімен көрікті, еңбегімен бағалы дейді қазақ халқы. Еңбегіңіздің жемісін көріңіз, - деді Звира Есбергенова.
Дариға Утебалиеваның Маңғыстаудағы оқу орындарында пошта саласы мамандарын дайындайтын бөлім ашылса деген арманы 2022-2023 оқу жылдары орындалды. Ш.Есенов атындағы колледжде 1 және 2-курс «пошта байланыс операторы» мамандары толық 2 буын оқып жатыр. Сондай-ақ Болашақ және Энергетикалық колледждермен меморандумға қол қойылып, студенттері пошта қабырғасынан тәжірибелік сабақтан өтіп жүр.
Мекемеге еңбек сіңірген ардагерлер де ұмыт қалған емес. Дариға Ерғалиқызының басшылығымен 2023 жылы пошта қызметкерлерінің мерекесіне орай, «Ардагерлер тақтасы» ашылған болатын. Салтанатты шараға келген мекеме ардагерлері де Дариға Утебалиевамен бірге қызмет еткен кездерді еске алды.