Ақтауда 11 желтоқсан күні 4 шағынаудандағы 9-үйдің бірнеше пәтері өртенді. Қала әкімі Ұлықбек Тналиев тұрғындардың жағдайын білу үшін өрт болған тұрғын үйге барды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тұрғындар қала әкімінен қандай көмек берілетіндігін сұрады.
- Мәселемізді ешкім елеп ескермейді деп ойладық. Келгеніңізге рақмет. Бізге енді қандай көмек беріледі? Қайда барамыз? - деді тұрғын.
Қала әкімі өрт салдарынан зардап шеккен тұрғындарға уақытша жатақхана мен біржолғы әлеуметтік көмек берілетіндігін түсіндірді. Яғни Ақтау қаласы мәслихатының 16.04.2021 жылғы 2/18 шешіміне сәйкес өрт салдарынан зардап шеккен азаматтарға мемлекет тарапынан 50 айлық есептік көрсеткіштен немесе 172 500 теңгеден аспайтын көлемде біржолғы әлеуметтік көмек көрсету қарастырылған.
- Біржолғы әлеуметтік көмекті алу үшін жеке куәлігіңізді, қалалық төтенше жағдай басқармасынан өрт болғанын растайтын құжат не актті және 20 сандық шот туралы банктен анықтаманы алып, 29 шағынаудан 24-үйде орналасқан Ақтау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне тапсыруыңыз қажет. Сондай-ақ өрттен зардап шеккен тұрғындар уақытша жатақханамен қамтылады, - деді қала әкімі Ұлықбек Тналиев.
Авариялық мекеме тұрғын үйдің жылу жүйесін қайта қосқан. Ал Ақтау қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі тұрғындарды уақытша жатақханамен қамтамасыз ету үшін 3 шағынаудан 58 ғимаратынан 15 адамға орын дайындады. Бүгінде бір тұрғын сонда тұрып жатыр.
Сонымен қатар қала әкімі тұрғындарға қоқысты подъездге емес, арнайы қоқыс жәшігіне тастау керектігін ескертті.
- Тұрғын-үйлеріңізге жаңа қызмет көрсетуші мекеме тағайындалды. Қоқыс подъезде шашылып жатпауы керек. Әрбір тұрғын қоқысты арнайы жәшікке тастауы қажет. Сапалы қызмет алу үшін уақытылы төлем жасап тұрыңыздар, - деді қала әкімі.