«ҚазТрансОйл» АҚ нысандарында кезекшілік атқаратын «Зевс Энерго» ЖШС қызметкерлері жалақыны көтеруді талап етіп, үндеу жариялады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Компания 2022 жылдың қазан айынан бастап жасалған шарт негізінде нысандардағы өртті сөндіру және алдын алу бойынша «ҚазТрансОйл» АҚ-ға қызмет көрсететінін хабарлады.
«Еңбек шартына сәйкес барлық қызметкердің жалақысы тапсырыс берушінің есебіне байланысты төленеді. «Зевс Энерго» ЖШС мен қызметкерлері арасында жасалған еңбек шарттары шеңберінде қызметкерлерге мынадай міндет қойылған:
- өзінің лауазымдық міндеттерін адал, сапалы, уақтылы және жоғары кәсіби деңгейде атқару;
- жұмыс берушінің еңбек тәртібі мен ішкі еңбек тәртібі қағидаларының талаптарын, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, өрт қауіпсіздігі және жұмыс орнындағы өндірістік санитария жөніндегі нормалардың, қағидалар мен нұсқаулықтардың талаптарын сақтау», - делінген компания хабарламасында.
Сондай-ақ компания «Зевс Энерго» ЖШС техникалық директоры бастаған комиссия қызметтік тергеу жүргізіп жатқанын мәлімдеді.