Ақтауда «Mangystau Tech Youth Hakaton» аймақтағы жастар мен жасөспірімдерге арналған Маңғыстау облыстық инновациялық шешімдер хакатоны өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Хакатонның негізгі мақсаты - заманауи және ыңғайлы цифрлық шешімді енгізу арқылы жастар арасындағы әлеуметтік мәселелердің алдын алу. Осы бағытта есірткі тарату, құмар ойындар (лудомания), суицид, ерте жүктілік және жұмыссыздық сияқты негізгі мәселелер туралы хабардар етуге бағытталған инновациялық IT шешімдерін әзірлеу.
Хакатонға қатысқан 50 қатысушы Ақтау қаласында инновациялық шешімдерін әзірлеу үшін 14 командаға біріктірілді.
Хакатон қатысушылары Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы, «Алаш арманы» қоғамдық қоры, Mangystau Hub және сырттан шақыртылған IT-сарапшы өкілдерінен құралған қазылар алқасының алдында екі күн ішінде дайындалған конкурстық жұмыстарын қорғады.
Хакатон қорытындысы бойынша І орынды «Bit Storm» командасы иеленді(Yessenov University студенттері). ІІ орынға «Ура работать» командасы («Назарбаев Зияткерлік мектебі» 11-сынып оқушылары) ие болды. Ал ІІІ орынды «SolveNow» («Назарбаев Зияткерлік мектебі» 11-сынып оқушылары) командасы қанжығаға байлады. Хакатон жеңімпаздарына арнайы дипломдар мен жүлде қоры 700 000 теңге көлемінде қаржылай сертификаттар табысталды. Осылайша, жеңімпаз командалар жобаларын аяқтауға және әрі қарай жүргізуге мүмкіндік алды. Қаржылай сертификаттар «Алаш арманы» қоғамдық қорының және «Mangystau Hub» аймақтық хабтың демеушілігімен берілді.
Шара «Алаш арманы» ҚҚ және «MangystauHub» ұйымдастыруымен, Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының және Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен өткізілді.