Ақтауда Тәуелсіздік күні қарсаңында мемлекеттік бағдарлама аясында 324 отбасыға пәтер кілті табысталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Пәтер «Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында кезекті тұрған 1,2 топ санатындағы мүгедектігі бар адамдар, жетім балалар, көп балалы және мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырған отбасыларға берілді. Тоғыз қабаттан тұратын төрт тұрғын үй 19А шағын ауданында орналасқан. Баспаналы болғандарға құрылыс салушы компания және «Отбасы» банк атынан естелік сыйлықтар табысталды. Шарада Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Дархан Абдалиев сөз сөйлеп, баспаналы болған тұрғындарды құттықтады.
-Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында мемлекет тарапынан үлкен мүмкіндіктер берілуде. Осы ретте «Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламасын атап өтуге болады. Тұрғындарды баспаналы болуымен құттықтаймын және басқа да тұрғындарға жұғысты болсын дегім келеді, - деді Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Дархан Абдалиев.
Баспаналы болғандардың бірі 30 жастағы Замира Орынбаева. Мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырған ана мемлекеттік бағдарлама аясында бір бөлмелі пәтер алды.
-Мен бір бөлмелі пәтерге ие болдым. Оған дейін ата-енеммен бірге тұрдым. Пәтерім үшінші қабатта орналасқан. Өте қатты қуаныштымын. Ақтау қаласы әкімдігіне және банк ұжымына алғысымды білдіремін, - деді Замира Орынбаева.
Сондай-ақ, шара барысында баспана жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңкеге қала тұрғындары мен онға жуық құрылыс салушы компания қатысты.