
Ақтау қалалық қоғамдық даму орталығының ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік – Тәңірімнің аманаты» атты патриоттық кеш өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шараға Маңғыстау облыстық Варшава келісімшарт әскерлер тобы, Бауыржан Момышұлы атындағы ардагерлер тобының мүшелері, Желтоқсан оқиғасының куәгерлері мен белсенді жастар қатысты. Патриоттық кеш барысында желтоқсаншылар 1986 жылы орын алған оқиға кезіндегі қазақ жастарының ерен ерлігі жайында сөз қозғады. Сондай-ақ, шарада белсенді жастар тәуелсіздік туралы өлең оқыды.
-Жыл басынан бері қалалық қоғамдық даму орталығының ұйымдастыруымен бірқатар патриоттық шара өткізілді. Жиын жастардың бойында патриоттық сезімді арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Сондай-ақ, кеште желтоқсаншылар туралы танымдық видеоролик көрсетілді, - деді «Ақтау қалалық қоғамдық даму орталығы» жастар саясаты бөлімінің жетекшісі Жібек Ерқасым.
Сонымен қатар, шарада кеш қонақтарына кітапхана атынан естелік сыйлықтар табысталды.