Атырау облысының Жылыой ауданында болған су тасқынынан эвакуацияланған тұрғындардың бір легі Ақтау қаласындағы №10 мектепте уақытша орналасты, деп хабарлайды Mangystaumedia.kz.
Қалағы іргелі білім ошағында бүгінде атыраулықтарға еріктілер көмектесіп жатыр. Олар мектеп іргесінде киіз үй тігіп, азық-түлік тасуға елеулі үлес қосуда.
Мектеп басшысының міндетін атқарушы Нәзира Сәндібекқызының айтуына, Құлсарыдан сексеннен астам тұрғын келген.
"№10 мектепке 84 адам келді. Оның арасында онға тарта адам үйге шықты. Жалпы Құлсарыдан эвакуацияланған адамдар бізге таңертең келді. Қажетті азық-түлікті жастар орталығының еріктілері жеткізіп жатыр. Асты әзірлеушілердің дені мұғалімдер. Ерікті ретінде жоғары сынып оқушылары жұмылды. Бізде лагерьге арналған төсек-орын жеткілікті. Тасқын зардабын тартқан отандастарымызға барынша қолдау көрсетіп, қолдан келген көмекті көрсетіп жатырмыз, - Нәзира Сәндібекқызы.
Аталған білім ордасында оқитын Бүркітбай Аманкелді сыныптастарымен бірге көмектесіп жатқанын атады. Ол қиыншылыққа тап болған тұрғындарға ерікті ретінде көмектесуге бел буған.
"Осы мектепте 10-сыныпта оқимын. Атырау облысында болған су тасқынына байланысты мектептегі эвакуациланған адамдарға көмектесіп жатқан жайымыз бар. Осындай сәтте бір-бірімізді қолдауымыз керек деп ойлаймын. Келген адамдар жайғасып, киіз үйде тамақтанды. Сыныптарымызбен бірге біз қажетті заттарды тасып, сауапты іс жасап жатырмыз. Бұл біз үшін жауапты іс деп санаймын, - деді Бүркітбай Амангелді.
Маңғыстау облысына соңғы үш күнде Атырау облысының Жылыой ауданынан 18 мыңға тарта тұрғын көшірілді. Олардың дені Бейнеу ауданының орталығына, Боранқұл ауылына қоныстанса, елеулі бөлігі Ақтауға уақытша орналасты.