Ақтауда күзгі мерзімді әскерге шақыру науқаны жүріп жатыр. 1 қыркүйектен бастап 18 сарбаз әскери борышын өтеуге жіберілді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚР заңнамаларына сәйкес азаматтарды мерзімді әскерге шақыру жылына екі рет жүргізіледі. Күзгі әскерге шақыру 1 қыркүйектен бастап 30 желтоқсанға дейін жалғасады. 2023 жылғы көктемгі науқанның қорытындысы бойынша 160-тан астам сарбаз әскерге жіберілді.
- Биыл күзгі маусымда әскери борышын өтеуге келген азаматтар ҚР шекара қызметіне, ҚР Қарулы Күштеріне, Мемлекеттік күзет қызметіне және ҚР ІІМ Ұлттық ұланына жіберіледі. 18 бен 27 жас аралығындағы ҚР азаматтарын мерзімді әскерге шақыру денсаулық жағдайының сәйкестігін, сотталмағанын және психологтың ұсынымын ескере отырып, шақыру комиссиясының шешімі негізінде жүзеге асырылады, - деді Ақтау қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқарма басшысы Мұратбек Құсайынов.
Мамандардың айтуынша, биылдан бастап әскери борышын өтеп келген азаматтарға ҰБТ және оқу орнына түсу емтихандарын тапсырмай, жоғары оқу орындарына орналасу секілді жеңілдіктер қарастырылған. Оған қоса, әскери борышын өтеп келген азаматтар Қорғаныс министрлігі жанынан бөлінген арнайы гранттарға ие бола алады. Ақтау қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқарма басшысы Мұратбек Құсайынов мерзімді әскери шақырудан кейінге қалдыру және босату берілетін азаматтарды атап өтті.
- Азаматтарды мерзімді әскерге шақырудан кейінге қалдыру және босату жағдайлары ҚР Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы № 561 Заңының 35-бабында көрсетілген. Олар отбасылық жағдайына, білімін жалғастыру үшін және денсаулық жағдайы мен басқа себептер бойынша қаралады, - деді Ақтау қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқарма басшысы Мұратбек Құсайынов.