Ақтаулық тұрғындар «Бәйтерек» сауда орталығына қарама-қарсы орналасқан 16 ш/а аялдамасындағы қоқыс жәшігіне шағымдануда. Желі қолданушыларының айтуынша, жаяу жүргіншілер жолында орналасқан қоқыс жәшігі қозғалыс барысында кедергі жасап, адам өміріне қауіп тудыруы да мүмкін, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
- 7 мүшесі сау адам «эй, ақымақ, жолға түсіп айнала сал» деуші еді, бірақ біз қозғалысы шектелген адамдарды да (нәрестелі аналар, мүгедектер арбасы) ұмытпайық. Қаламыз арбалардың қозғалысына 100% бейімделмеген. Оған дәлел американдық горкалар секілді жасалған пандустар,- дейді әлеуметтік желі қолданушылары.
Пост астындағы пікірлер арасында «Басқа жаққа қарай орнын ауыстыруға болмас па екен?», «Тротуардан мініп-түсіп жүргенде машина қағып кетпей ма?» деген секілді пікірлерді де кездестіруге болады. Сонымен қатар қала тұрғындары аталған қоқыс жәшігінің тұрғанына бірнеше жыл болғанын да айта кетті.
- Тұрғындардың арыз-шағымын ескеріп, жақын арада қоқыс жәшігінің орнын ауыстыруға мердігер мекемеге тапсырма берілетін болады,- деді «Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» ММ өкілдері.