Ақтау әкімдігінде қала әкімі Әбілқайыр Байпақовтың төрағалығымен төтенше жағдайлар комиссиясының отырысы өтті. Жиында көппәтерлі тұрғын үйлерді күрделі жөндеу мәселесі талқыланды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Отырысқа қала әкімінің орынбасарлары, қалалық төтенше жағдайлар басқармасы, прокуратура мен қала әкімдігінің бөлімдері қатысты. Жиын барысында Ақтау қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Нұрадин Көшербаев тұрғын үйлердің жай-күйі туралы баяндама жасады. Спикердің айтуынша, бөлім тарапынан қаладағы көппәтерлі тұрғын үйдің жай-күйін анықтау мақсатында техникалық сараптама жұмыстары жүргізілді.
-Ақтау қаласында 1291 көппәтерлі тұрғын үй бар. Бөлім тарапынан былтыр 106 үй, биыл 43 көппәтерлі тұрғын үйдің жай-күйін анықтау мақсатында техникалық сараптама жұмыстары жүргізілді. Техникалық сараптаманың қорытындасына сәйкес 5-шағын аудан 1 көппәтерлі тұрғын үй күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Оның ішінде қауіп төндіріп тұрған қосымша құрылыс элементін(пергола) жөндеу керек. Тұрғындармен түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Алайда құрылыс элементін алып тастауға тұрғындардың мүмкіншілігі жоқ. Осындай қосымша құрылыс элементі(пергола) қаладағы басқа да көппәтерлі тұрғын үйлерде бар, - деді Нұрадин Көшербаев.
Қала әкімі жауаптыларға қосымша құрылыс элементінің(пергола) қанша тұрғын үйде орналасқаны бойынша анализ жасауды тапсырды.
-Тұрғындардың қауіпсіздігі бірінші орында. Сондықтан қалалық тұрғын үй инспекциясы қалалық төтенше жағдайлар басқармасымен бірлесіп қосымша құрылыс элементінің (пергола) қанша тұрғын үйде орналасқаны бойынша анализ жасау керек. Тұрғындар және қызмет көрсетуші мекеме өз күшімен ала алмаса, заңдылығын қарастыру қажет. Талдау нәтижесінен кейін тиісті ұсыныс беріңіздер, - деді Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов.