Ақтауда қоғамдық дәретханаларды тазалау жұмыстары кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі қала тұрғындары мен қонақтарынан қоғамдық дәретханаларда тазалық сақтауды сұрайды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қала аумағында 12 қоғамдық дәретхана жұмыс істейді. Олардың ішінде жетеуі стационарлық, ал бесеуі QR-код арқылы жұмыс істейтін модульдік. Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Айдар Бисенов тың айтуынша, стационарлық және модульдік дәретханаларды кестеге сәйкес тазаланады.
- Тазалық жұмыстары модульдік дәретханаларда таңертең және кешке, ал стационарлық дәретханаларда сағат 9:00-23:00 аралығында жасалады. Дүйсенбі санитарлық күн болып есептеледі. Әлеуметтік желіде қоғамдық дәретханалардың тазалығына қатысты видеолар таралуда. Бұл қала тұрғындары мен қонақтарының қоғамдық дәретханаларды дұрыс пайдаланбауынан туындап отыр. Сондықтан қала тұрғындары мен қонақтарынан қала мүлкіне зиян келтірмей, қоғамдық дәретханаларды таза ұстап, гигиеналық заттарды қажетінше пайдалануды сұраймыз. Бұл дәретханаларды коммнуалдық сала қызметкерлері тазалайтынын естен шығармау қажет, - деді Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Айдар Бисенов.