Ақтауда 3 маусым күні кеміргіштерге қарсы дератизация жұмыстары басталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Дератизация жұмыстары қаладағы «Самал» шағын ауданынан бастап Өмірзақ ауылына дейінгі теңіз жағалауында, «Ақтау теңіз-сауда портының» маңы, «Ақ желкен» тұрғын үй массиві және 16, 17, 18, 19, 20-шағын ауданда жүргізіледі.
Дератизация және дезинсекция жұмыстарын арнайы рұқсаты бар аттестатталған мекеме атқарады.
- Қалада кеміргіштер мен бүргелердің таралауын болдырмау және оларды жою мақсатында дератизация басталды. Бұл жұмыстарды мердігер компания 30 күн бойы жүргізеді. Дератизация жұмыстарын арнайы рұқсаты бар аттестатталған мекеме жасайды. Бұл жұмыстар кезінде барлық санитарлық және қауіпсіздік нормалары сақталады. Ал қала аумағындағы барлық ойын алаңдарында жасалатын дезинсекция жұмыстары 10-17 маусым аралығында сағат таңғы 7:30-9:30-да жүргізіледі, - деді Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Айдар Бисенов.
Дератизация жұмыстарын жүргізетін мекеме өкілдерінің айтуынша, дератизация жұмыстарына қолданылған препараттың адамдар мен жануарларға еш зияны жоқ.
- Дератизация бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Қолданылып отырған препарат «Фипрат ALT». Бұл дератизациялық препарат адам өміріне және жануарларға қауіп төндірмейді. Дератизация жұмыстары 50 км аумақты қамтиды, - деді дератизация жұмыстарын жүргізетін мекеме өкілі Иватолла Жамбусов.