Ақтау қаласының әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадасында 200-ден астам сарбаз әскери ант қабылдады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Ақтау гарнизонының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сарбаздар Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда, Атырау, Ақтөбе облыстары мен Астана қаласынан шақырылған. Салтанатты іс-шараға ҚР Қарулы Күштердің ардагерлері, интернационалист-жауынгерлер, Ақтау гарнизонының бригада командирлері, Аналар кеңесінің мүшелері, сондай-ақ әскерге шақырылғандардың туыстары мен жақындары қатысты.
Әскерге шақырылған сәттен бастап сарбаздар күшейтілген дайындық курсынан өтті. Бір ай бойы әскери бөлімнің тарихын зерттеп, қару-жарақпен танысып, оқу-жаттығуларға қатысты. Сонымен қатар мемлекеттік құқықтық және атыс дайындығына қатысты.
- Осы бригадада қызмет етіп жүргеніме өте қуаныштымын! Қарулы Күштер қатарында жүріп, Отанға абыроймен қызмет етуге дайынмын, - дейді Түркістан облысынан келген қатардағы жауынгер Аңсар Меделханов.
Іс-шара барысында қонақтар әскери бөлімнің тыныс-тіршілігімен танысты. Қару-жарақ пен әскери техника үлгілерін қарап, қоян-қолтық ұрыс элементтерін және қару-жарақпен сән көрсетілімін тамашалады.
Әскери ант қабылдаудың салтанатты рәсімінен соң әскери бөлім қолбасшылығының офицерлері әскерге шақырылғандардың ата-аналарымен кездесу өткізіп, барлық сұрағына жауап берді. Енді сарбаздар Жаңақазан, Атырау, Жаңаөзен, Форт-Шевченко және Бейнеу сияқты түрлі гарнизондарда орналасқан әскери бөлімдерге бөлінеді.