Тазалық компаниясының директоры Ирина Татиева Ақтауда өткен «Caspiy winter eco fest» фестиваліне қатысып, қала тұрғындарын экологиялық, әрі қайырымдылық акциясына қатысуға шақырды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Taza.Likee» компаниясы 4 жылдан бері тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеумен айналысады. Экобелсенді Ирина Татиева былтыр «Крышечки доброТЫ» атты экологиялық акциясын бастаған. Оның айтуынша, бұл акция арқылы қала тұрғындары тек мұқтаж жандарға көмектесіп қана қоймай, қаланың тазалығына да үлес қосады. Қазіргі таңда жанашыр жандардың көмегімен 1 тонна 200 кг қақпақ жиналған.
- Компания былтыр 610 тонна макулатура, 670 тонна полиэтилен, 480 тонна пластик және 50 тонна канистра сұрыпталып, зауыттарға қайта өңдеуге жіберді. Қала тұрғындарын қайта өңдеуге болатын яғни пластмассаларды, полиэтиленді қайта өңдеуге тапсыруларын сұраймын. Біз бірігіп осы іске атсалыссақ, қала экологиясының жақсаруына өз үлесімізді қоса аламыз. Сондай қомақты үлестің бірі - «Крышечки доброТЫ» атты қайырымдылық акциясы. Пластикалық бөтелкелердің қақпағын жинау арқылы сіз көмекке мұқтаж қыздардың Айлин және Жасминнің өміріне араша бола аласыз. Сондықтан барша қала тұрғындарын экологиялық әрі қайырымдылық акциясына шақырамын, - деді «Taza.Likee» компаниясының директоры Ирина Татиева.
Айта кетейік, қайырымдылық акциясы жалғасып жатыр.