© Egemen.kz
Қала тұрғындары күн суытып, қар жауғанына қарамастан ағаш отырғызылғанына таң қалып, наразылық танытты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Облыс әкімінің телеграм арнасында қала тұрғыны сауал жолдады.
- Ағаш отырғызып жатыр ма? Бүгін 7 желтоқсан, далада 0 градус,- дейді ол.
Қаланы көгалдандырумен айналысатын "Green City" ЖШС мамандарының айтуынша, бүгін отырғызылып жатқан ағаштар – суыққа төзімді.
- Бүгін 19 және 10 шағынаудандар периметріне қылқан жапырақты ағаштарды егу жұмыстары жүргізілуде. Олар суыққа төзімді болғандықтан -2 градусқа дейінгі температурада отырғызыла береді. Алдағы күндері ауа райы салқындайды, әлі егілмеген ағаштардың тамырын суықтан қорғау мақсатында осы егу жұмыстары жүруде,- деді "Green City Aktau" ЖШС директорының орынбасары Ақжол Сандыбеков.
Мамандардың айтуынша, бүгін барлығы 60 қылқан жапырақты ағаш отырғызылады. Ауа райының салқындауына байланысты егу жұмыстары осымен аяқталмақ.