Ақтау қаласы әкімінің балаларға арналған «Қош келдің, Жаңа жыл» атты мерекелік шарасы өтті. Салтанатты жиынға 250 бала шақырылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мерекелік шыршаға шақырылған балалардың қатарында жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балалар бар. Шарада Аяз Ата, Ақшақар және 2024 жылдың символы – ұлуды сомдаған әртістердің қатысуымен қойылым қойылып, өнерпаздар балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Мерекелік шарада Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Нұртас Сали сөз сөйлеп, балаларды жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
-Ақтау қаласында балалардың сапалы білім алуына жағдай жасау мақсатында бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биыл қаламызда «Жайлы мектеп» жобасы аясында 6 мектептің құрылысы басталды. Сонымен қатар қала төрінде «Оқушылар сарайы» ғимараты да бой көтерді. Баршаңызды келе жатқан жаңа жыл мерекесімен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін, - деді Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Нұртас Сали.
Шара барысында балаларға үлгілі ұжым «Колибри» сән театр студиясы, «Аққу» би ансамблі музыкалық шоу көрсетті. Мерекелік шараға қатысқандардың бірі 11 жастағы Айдос Амангелді. 5-сынып оқушысы кештен алған әсерімен бөлісті.
-Мерекелік кеш өте қызықты өтті. Маған, әсіресе, бір емес үш аяз ата болғаны ұнады. Жаңа жыл мерекесін ата-анаммен және бауырларыммен қарсы аламын. Барша достарымды және туыстарымды жаңа жылмен құттықтаймын, - деді Айдос Амангелді.