Жақында Ақтауда Самал 2 шағынауданындағы екіқабатты үйдің жатын және киім ауыстыру бөлмесінен өрт шыққан, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Маңғыстау облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің мәліметінше, жану ауданы 100 шаршы метрді құрайды. Зардап шеккендер жоқ.
Өткен аптада облысымызда 4 өрт оқиғасы, 21 жану жағдайы, 5 авариялық-құтқару жұмыстары тіркелген.
30 наурыз күні сағат 11:03-те Бейнеу ауданындағы Бейнеу ауылы тұрғынының шарбағында тұрған «Toyota Alphard» маркалы автокөлігі өртеніп кеткен. Мамандар өрт себебін анықтап жатыр. Оқиғадан ешкім зардап шекпеген.
Ал 31 наурыз күні сағат түскі 12:26-да Мұнайлы ауданына қарасты Қызылтөбе-2 тұрғын үй алабындағы тұрғынның сараймен жапсарлана салынған 2 бөлмелі моншасынан өрт шыққан. Өрт дер уақытында ауыздықталған. Өрт жағдайынан ешкім зардап шекпеген.
Өрт сөндірушілер қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтауды ескертеді:
- сөндірілмеген темекілер мен сіріңкелерді қалдырмаңыз;
- электр сымдары мен аспаптарының жарамдылығын қадағалаңыз;
- электр желілерін шамадан тыс жүктемеңіз;
- тек жарамды электр және газ жабдықтарын пайдаланыңыз;
- балаларды қараусыз қалдырмаңыз.