Ақтауда заңсыз сауда нысандарына мониторинг жүргізілді. Тексеріс барысында кәсіпкерлерге әкімшілік хаттама толтырылып, екі заңсыз сауда нысаны алынып тасталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қала әкімдігіне 32А шағынаудан 5 тұрғын үй және 16 шағынаудан 33/7 тұрғын үй маңындағы заңсыз сауда нысанына қатысты тұрғындардан арыз келіп түскен. Арыз негізінде кәсіпкерлерге ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 204-бабы және 505 бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
- Қала әкімдігінің ұйымдастыруымен заңсыз сауда нысандарына мониторинг жүргізетін арнайы жұмыс тобы құрылды. Жүргізілген мониторинг нәтижесінде заңсыз сауда орындары анықталды. Кәсіпкерлерге ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 204-бабы белгiленбеген орындарда сауда жасау және 505-бабы қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Аталған заңсыз сауда орындарының иелеріне бұған дейін бірқатар ескерту берілген. Бірақ кәсіпкерлер ескертуді қаперіне алмаған, - деді Ақтау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы Заманбек Оңғарбаев.
Сондай-ақ қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі тарапынан 14 шағынаудан «Астана» сауда орталығының маңындағы заңсыз тұрған сауда нысандарына мониторинг жүргізілді. Кәсіпкерлерге бұған дейін нысанның заңсыз қойылғаны ескертіліп және оны алып тастау бойынша хабарлама берілді.
Мамандардың айтуынша, кәсіпкерлер ескерту берілген уақыттан бастап 3 күн ішінде заңсыз сауда орнын алып тастамаса, қайта хабарлама берілетін болады. Егер де кәсіпкер қайта берілген хабарламаны ескермеген жағдайда, заңсыз сауда орны алынып тасталады. Ақтау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі кәсіпкерлерден заңсыз әрекеттерді жасамауды сұрайды.