Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиевтің қатысуымен қалалық мәслихаттың кезекті XIІ сессиясы өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жиынға қалалық мәслихат төрағасы Сембіғали Зәкенов, қалалық мәслихат депутаттары мен бөлім басшылары қатысты. Күн тәртібінде қалалық мәслихаттың «2024-2026 жылдарға арналған Өмірзақ ауылының бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі қаралды.
Сонымен қатар, отырыста қаладағы абаттандыру мәселесі қозғалды. Жиында қала әкімі Ұлықбек Тналиев биыл қалада балаларға арналған ойын және спорт алаңдарын орнатылатындығын айтты.
- Қалада «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында көгалдандыру, санитарлық тазалық және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда Ақтауда 319 ойын алаңы бар. Олардың басым көпшілігі жөндеуді қажет етеді. Мердігер мекемелер абаттандыру элементтерін сапалы материалдардан жасағаны дұрыс. Қаланы абаттандыру жұмыстарын жүзеге асыру мақсатында биыл балаларға арналған 80 ойын алаңы мен 50 спорт алаңдарын орнату жоспарланып отыр, - деді Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев.