Ақтауда «Болашаққа бастай бер, түбек төрі» атты Бейнеу ауданының мәдени күні теңіз жағасында ұйымдастырылған концертпен аяқталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Концертте халықтық «Алтыбақан» этнографиялық фольклорлық ән-би ансамблінің қатысушылары өнер көрсетсе, Оңдасын Қалқанов «Дауылпаз», Жарас Күзембаев «16 қыз», Мақсат Жарылғасынов «Бейнеуім» туындысын орындады. Сонымен қатар, концертте Айберген Күзембаев «Ақтанның термесі», Маржан Қуанышбекова мен Жандарбек Жолдасов «Кең дала» әнін шырқады.
Оған қоса, шарада аудан өнерпаздарының қатысуымен айтыс пен театрлық қойылым көрсетілді. Концертті тамашалаған көрермендер ерекше әсер алды.
-Концерт жоғары деңгейде өтті. Жастардың өнеріне тәнті болдым. Әсіресе, ұнағаны театрлық қойылым. Осындай шаралар жиі ұйымдастырылса жақсы болар еді, - деді қала тұрғыны Кәмшат Шалбаева.
Сонымен қатар, теңіз жағалауында қолөнер шеберлерінің көрмесі мен ауданның ауылшаруашылық өнімдері жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңкеде ет және сүт өнімдері қойылса, көрмеде халық назарына ұлттық киімдер, сөмкелер мен түйенің жілігінен жасалған әшекей-бұйымдар ұсынылды.
Айта кетсек, шара облыс, аудан және қаланың мерейтойына орай арнайы ұйымдастырылды.