Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын Құрық портының қызметкерлері де тыңдады. Жолдауда еліміздің көлік саласын дамытуға аса мән берілуі қажет екені айтылды.
Ел Президенті, «Бізге теңіз инфрақұрылымын дамытуға арналған біртұтас жоспар керек. Онда Құрық портына айрықша мән берілуге тиіс. Құрықты Ақтау порты сияқты толыққанды логистикалық кластерге айналдыруымыз қажет. «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық дәлізі де өте маңызды, сол арқылы Парсы шығанағына шығуға болады.
Біртіндеп бұл бағыттағы теміржол желісінің өткізу мүмкіндігін екі есе арттыру керек" - деді.
«Болашақ-Челябинск» теміржол желісінің Қазақстандағы бөлігін жаңғыртуға кірісуді тапсырып, халықаралық дәліздермен тиімді байланыс орнату үшін логистика қызметін толық ұсынудың маңыздылығына тоқталды.
Сондай-ақ, мемлекет басшысы, "Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе әуежайлары мультимодальды орталық болуға тиіс.
Бұл орталықтар бәсекеге қабілетті болу үшін жүктерді қабылдау және тарату қызметі сапалы атқарылуы керек. Жалпы, саланы дамыту үшін тариф және реттеу саясаты дұрыс жүргізілуге тиіс. Жеке инвестицияны көптеп тарту керек» - деді.
Жолдау – Президентің тапсырмасы, алда атқаратын жұмыстарымыздың ауқымды жоспары.
Ахметов Серік Жетпісбайұлы.
"Құрық порты" ЖШС-і бас директоры.