© Freepik.com
Бөлім Маңғыстау облыстық психикалық денсаулық орталығында ашылады. Жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға жарты жыл ішінде ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ғимарат биылғы жылдың көктемінде пайдалануға беріледі, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бөлімде амбулаториялық-емханалық және стационарлық көмекті тәулік бойы көрсететін бес бөлімше, талдауларды жинауға арналған емдеу кабинеті бар. Бөлім меңгерушісінен басқа резидент, психологтар, невропатологтар, логопедтер, үздіксіз білім беру мұғалімдері, сондай-ақ медбикелер қызмет етеді.
– Біз дәрігерлер тапшылығы мәселесін шешіп жатырмыз. Өткен жылы Алматы мен Ресейден балалар психиатриясы бойынша сертификаттары бар екі маман келді. Бұл біздің облыс үшін өте маңызды, өйткені қалаларда ғана емес, жалпы облыста балалар психиатрларының тапшылығы мәселесі бар. Жаңа бөлімге жергілікті мамандарды да шақырдық. Психикалық денсаулықты дамыту перспективаларына назар аудару қажет. Ақыл-есі кем балаларға келетін болсақ, белгілі болғандай, балалардағы алғашқы ауытқулар 4-5 жаста басталады. Орталық шамамен осы жастан бастап 18 жасқа дейінгі балаларды қабылдайды», - дейді психикалық денсаулық орталығының директоры Мәди Тоқанов.
Демеушілік қаражаттың арқасында Монтессори сыныбы да ашылады, ойын бөлмесі мен серуендеу алаңы да жабдықталады, сонымен қатар алыс аудандардан келген ата-аналарға арналған бірнеше бөлмелер бар, ата-аналар тәулік бойы баламен бірге болады.
– “Балалар мен жасөспірімдер психиатриялық бөлімшесін ашудың бір себебі – оның біздің орталықта болмауы және балалар арасында психикалық ауруларының көбеюі. 2022 жылы мұндай бала саны 1698 болса, 2023 жылдан бері олардың саны 1833-ке жетті”, - деді Мәди Тоқанов.
Бөлімше алғашқы келушілерін биыл көктемде қабылдайды деп жоспарланған.
- “Бастапқы кезеңде біз ауруханаға 20 төсек-орын орналастырып, сосын қажеттілікке қарай арттырамыз. Ал дәрігерлік амбулаторияда біздің мамандар балалар мен жасөспірімдердің ата-аналарына кеңес беріп, тексерулер жүргізеді. Ол үшін қазір емханаларда жұмыс істейтін психиатрларға жағдай жасап, халыққа медициналық қызмет көрсетуді орталықтандырамыз. Осылайша, науқастарымызды ата-аналары республикалық емханаларға апармауы үшін барлық жағдайды жасағымыз келеді», – дейді Мәди Тоқанов.
Пациенттер бөлімшеге егер бұл жоспарлы госпитализация болса амбулаториялық-емханалық қызметтердің жолдамасы бойынша, ал егер науқастың жағдайы ауыр болса, жедел медициналық қызмет арқылы қабылданады. Орталық директорының айтуынша, балалар арасында жиі кездесетін ауру – аутизм.
Маңғыстау облысында тұратын балалардың психикалық денсаулығы мәселесі өзекті күйінде қалып отырғандықтан, орталық балалар психиатриясы бойынша облыстық конференция өткізуді жоспарлап отыр.