Конгресс Қазақстан экономикасының дамуындағы әйелдердің рөлі тақырыбындағы ірі диалог алаңы болды. Шарада бірқатар келісімдер мен меморандумдарға қол қойылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Конгресстің алғашқы бөлігінде панельдік сессия өтті. Онда Қазақстан мен шетелдерден келген сарапшылар және бизнес-көшбасшылар, БҰҰ-ның ҚР-дағы тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори, ГФР-ның ҚР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Моника Иверсен сөз сөйледі.
Конгресстің екінші бөлімінде кәсіпкер әйелдерді мазалайтын мәселелер мен оларға ұсынылатын қолдау шаралары талқыланды. Спикерлердің қатарында, ҚР Конституциялық Сотының Төрағасы Эльвира Әзімова, «ASMAR» Қазақстан кәсіпкер әйелдерінің ұлттық қауымдастығы» төралқасының төрайымы Лаззат Рамазанова, «ORTAQ» Батыс облыстарының әйелдер өңірлік бастамалары Альянсының төрайымы Сәуле Салихова, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Құдайбергенов, Орталық Азия және Әзірбайжан елдеріндегі Visa вице – президенті және өңірлік менеджері Кристина Дорош қатысты.
Конгресс барысында жергілікті кәсіпкерлердің «Made in Mangystau» тауарлар мен қызметтер көрмесі өтті. Онда заманауи ұлттық кілемдер, тоқыма бұйымдары, жастарға арналған киімдер және ауылдық елдімекен әйелдерінің тауарлары ұсынылды.
Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев кәсіпкер әйелдердің белсенділігі жылдан жылға артып келе жатқанын айтып, олардың Қазақстан экономикасында маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
-Біздің өңір республикадағы туу көрсеткіші бойынша көшбасшылардың қатарында. Алайда, Маңғыстаулық әйелдер тек отбасылық өмірде ғана емес, бизнес әлемінде де өзін-өзі дамытуға бет бұрғанын көріп отырмыз. Біздің өңірдегі кәсіпкерлердің 64%-дан астамы-әйелдер және олардың әрқайсысы Маңғыстау экономикасының қарыштауына елеулі үлес қосуда. Әйелдердің көп бөлігі кәсіпкерлік қызметпен қоса аналық міндетін де қатар алып жүр. Бұл өте жақсы тенденция, өйткені біз гендерлік теңдік орнаған демографиялық ел болу жолындамыз. Мұның жарқын мысалы, отандасымыз Александра Григолованың «Жеті лақ» фермасы. Ол жұбайымен бірге Франциядағы халықаралық ірімшіктер байқауына қатысып қана қоймай, 1400-ден астам ірімшік өндірушілері бақ сынаған жарыста күміс және қола медальдарға ие болды және халықаралық ірімшік жасаушылар гильдиясына кірді. Осыған дейін бірде-бір Қазақстандық ірімшік жасаушы мұндай жетістікке қол жеткізбеген еді. Біз бизнес әлеміндегі әйелдерді және олардың өзін - өзі дамытуға деген ұмтылысын қолдауға әрқашан дайынбыз, - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.
2023 жылы Маңғыстауда Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 778 кәсіпкер әйел мемлекеттен 15,8 миллиард теңге көлемінде қаржылық қолдау алды.