"Amanat” партиясы іс-сапармен Түпқараған ауданына барды. Партияның Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы отбасы және халықты әлеуметтік қорғау кеңесі ардагерлермен кездесіп, аудандағы мәселелермен танысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
- Мәжіліс депутаты Самат Мусабаев осы ғимаратты салып берді. Үлкен алғысымызды білдіреміз және еңбегін бағалаймыз,-деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуаныш Сүйеубаев.
Алқалы жиында ауыл-аймақтан жиналған қариялар өзекті үш мәселені жеткізді. Бірінші – 1892 жылы қала атауын алған Ақкетіктің тарихи қала екенін айтып, Ақкетік атауын беру мәселесін көтерді. Бұл бастама ономастикалық комиссияға ұсынылса да шешімі табылмай келе жатқаны жеткізілді.
Екінші – Таушық-Түпқараған тас жолының жасалмай қалған бөлігін аяқтау, үшінші – ақсақалдарға шипажайға демалуды ұйымдастыру мәселелері.
- Алда келе жатқан қарттар күнімен құттықтай отырып, қазыналы қариялардың батасын алуға және сіздердің айтар ұсыныстарыңызды тыңдауға келдік. Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау кеңесі отбасы институтын қалыптастыруда жұмыстанады. Ардагерлеріміз – отбасының сәні. Немере мен ата-әже арасындағы байланысты дамытсақ келешек ұрпақ жаман болмайды. Ата-әженің берер тәлімі мол. Мейірімі де ерекше,- деді кеңес төрағасы Раушан Аймурза.
Бос уақытын ардагерлер үйінде өткізетін ардагерлер арасында шахмат пен дойбыдан турнир ұйымдастырылды.