Ақтауда қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі, учаскелік инспектор мен қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бірлесіп, аялдамадағы коммерциялық нысан мен шағын дүкен иелеріне тазалық бойынша мониторинг жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Түсіндіру жұмыстары барысында кәсіпкерлерге қоқыс шығаратын мекемемен келісімшартқа отыру қажеттілігі айтылды. Сонымен қатар сауда нысанының иелеріне коммерциялық нүкте аялдамада орналасқандықтан оның тазалығына өздері жауапты екендігі ескертілді.
- Қала бойынша 500-ден аса мобильді павильон мен шағын дүкен бар. Қазіргі таңда осы коммерциялық нысанның барлығына тазалық бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Осы жұмыстардың нәтижесінде бірқатар кәсіпкер ескертпелерді қаперіне алып, тазалық жұмыстарын тұрақты жүргізіп отыр,- деді Ақтау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрсейіт Айладыр.
Бұдан бөлек мамандар аялдаманың жабыстырылған хабарландырулар мен жарнамалардан тазартылуын қамтамасыз ету қажеттігін айтты.
- Ақтау — туристік қала. Қаламыздың көркіне мән беру керек. Сондықтан аялдаманы таза ұстаңыздар. Ал жылы аялдамалар ертерек ашылып тұрғаны дұрыс,- деді Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Асхат Нұрмұхан.