
Жыл басынан бері Полиция департаменті өсімдіктерді қорғау және браконьерлікпен күрес саласында түрлі іс-шаралар өткізді. Тоғыз ай ішінде Маңғыстау облысында табиғат қорғау заңнамасы бойынша 31 қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық ПД сілтеме жасап.
Тіркелген қылмыстар арасында балық ресурстарын заңсыз алудың – 4 дерегі (ҚР ҚК 335-бабы); өсімдіктердің және жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен заңсыз айналысудың – 26 дерегі (ҚР ҚК 339-бабы) анықталды.
Табиғатты қорғау заңнамасына сәйкес 493 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, хаттама жасақталды.
Оның ішінде жануарлар дүниесін пайдалану талаптарын және аң аулау қағидаларын бұзу бойынша (ҚР ӘҚБтК 382-бабы) – 332 хаттама, балық аулау және балық ресурстарын және басқа да су жануарларын қорғау қағидаларын бұзу бойынша (ҚР ӘҚБтК 383-бабы) – 73 хаттама, қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалардың инфрақұрылым объектілерін бұзу бойынша жасыл желектерді жою және бүлдіру (ҚР ӘҚБтК 505-бабы) – 83 хаттама толтырылды.
Айта кетейік, бұдан өзге де құқық бұзушылықтар анықталды.
Сондай-ақ табиғатты қорғау заңнамасын бұзғандардан 935 келі 800 грамм бекіре тұқымдас балық тәркіленді.
Маңғыстау облысының Полиция департаменті өз кезегінде өңір тұрғындарын табиғатты қорғауға, табиғатты қорғау заңнамасын сақтауға шақырады, сондай-ақ браконьерлікпен айналысып заңды бұзғаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік көзделгендігі туралы ескертеді.