15 шілде күні Ақтау тұрғындарының қатысуымен Қазақстанда атом электр стансасын (АЭС) салу жоспары бойынша қоғамдық тыңдау өтті. Тыңдауда заманауи атом электр станцияларының қауіпсіздік мәселелері, олардың жұмыс істеу принциптері, атом электр станцияларының қоршаған ортаға және адам денсаулығына әсер ету деңгейі талқыланды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Энергетика министрлігінің өкілдері АЭС орналастыру және салу бойынша екі аймақтың, яғни Абай облысы, Курчатов ауданы және Алматы облысындағы Үлкен ауылы зерттеліп жатқанын атап өтті. Зерттеу нәтижелері бойынша екі аудан да электр станциясын орналастыруға қолайлы. МАГАТЭ қорытындысына сәйкес, Балқаш көлінің маңында АЭС орналастыруға кедергі келтіретін факторлар жоқ. Бұған дейін 13 түрлі АЭС жобасы ұсынылған. Оның ішінен төртеуі іріктелді.
ҚР Энергетика министрлігі Атом энергетикасы және өнеркәсіп департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мүрсалованың айтуынша, АЭС салу арқылы елдің энергетикалық тәуелсіздігі мен қауіпсіздігін 100 жыл қамтамасыз етуге болады.
- Электр энергиясын тұтыну күн сайын артып келеді, ал жұмыс істеп тұрған станциялардағы генерация жабдықтары шамамен 70% тозған. Сондықтан жаңа энергетикалық қуаттарды енгізу өте маңызды. Елде атом энергетикасы саласын дамытуға арналған алғышарттардың бірі ретінде Үкіметтің көміртегісіз энергетикаға көшу бағытын, елде шикізат пен өндірістік базаның болуы, - деді Г. Мүрсалова.
Қазақстанда АЭС салу елдің индустриялық дамуына жағдай жасап, барлық салаға мультипликативті оң әсер береді. Сондай-ақ бейбіт ядролық технологияларға көшу қоршаған ортаны қорғауға ықпал етеді. Бұл туралы талқылауда «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикин баяндады.
Сондай-ақ, ол АЭС салу туралы шешім қабылданса, жаңа жұмыс орындары пайда болатынын тілге тиек етті. Тимур Жантикиннің айтуынша, құрылыс 8 мыңға дейін адамды жұмыспен қамтамасыз етеді, ал станцияны пайдалану кезінде тікелей 2 мыңға дейін жаңа жұмыс орны ашылады.
«Ұлттық ядролық орталық» РМК Атом энергиясы институты директорының орынбасары Ерболат Қоянбаев өз сөзінде қазіргі заманғы ядролық ректорлардың қауіпсіздік жүйесіне тоқталды, сонымен қатар институтта жүргізіліп жатқан ғылыми зерттеулер мен әзірлемелер туралы ақпаратпен бөлісіп, кадрлар жеткілікті және біліктілігінің жоғары деңгейін айтты.
Қоғамдық тыңдау соныңда облыс тұрғындары АЭС-ның суды тұтынуы, жеткізуші таңдау, елді энергиямен қамтамасыз ету қажеттілігі, сондай-ақ АЭС құрылысының экономикалық әсері туралы сұрақтар қойып, тұшымды жауап алды.