Қала аумағында көтермелі жаяу жүргіншілер өтпесі салынып жатыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Көтермелі жаяу жүргіншілер өтпесінің «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында тұрғындардың дауыс беруі нәтижесінде қажет екені анықталған. Соған сәйкес көтермелі жаяу жүргіншілер өтпесі 4 және 5 шағын аудандар арасындағы Тарас Шевченко алаңының маңында орнатылған. Осындай жол қаланың басқа да шағын аудандарында, яғни адамдар көп жүретін жерлерге салынады. Атап айтқанда, 26 ш/а облыстық аурухананың алды, «Shum» сауда орталығының арты, 9 ш/а 4 үй арты, 3Б ш/а политехникалық колледж алды, 6 ш/а 24 үй артқы аумағы, 14 ш/а 34а үй маңы және 12 ш/а №12 мектептің алдында орнатылады.
-«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында қаланың орталық автомобиль жолы бойындағы жалпы 8 жаяу жүргіншілер жолына көтермелі өтпе орнату жұмыстары жүргізілуде. Оның біреуі 4 және 5 шағын аудандар арасындағы Тарас Шевченко алаңының маңында орнатылды. Негізгі мақсат - мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасау, яғни, олардың жаяу жүргіншілер жолынан мүгедектер арбасымен кедергісіз өтуіне көмектесу, - деді Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Асхат Нұрмұхан.