1972 жылы 29 қарашада Маңғышлақ атом энергетикалық комбинатында БН-350 реакторының физикалық іске қосуы жүзеге асырылды. Содан кейін қызметкерлер реактордың қуат деңгейін 1 кВт мөлшерінде тұрақтандырды. Реактордың сыни массасы 202 ТВС құрады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
БН-350 реакторы-электр қуатын өндіру, теңіз суын тұщыту және плутоний-239 жинақтауға арналған сұйық-металл салқындатқышы (натрий) бар жылдам нейтронды тәжірибелік-өнеркәсіптік реакторы бар әлемдегі алғашқы атом блогы. "МАЭК-Қазатомөнеркәсіп" ЖШС ғылыми-техникалық кеңесінің хатшысы, техника ғылымдарының кандидаты, еңбек ардагері Николай Скориков "бірегей жылдам нейтронды реактор әлемдегі алғашқы ғарыш айлағы секілді Қазақстан аумағында салынды" деп естеліктерімен бөліседі.
Бірегей нысанның іске қосылу үдерісі іргелі әрі ауқымды ғылыми-зерттеу еңбектерімен ұштасып жатыр.
Сол тұста БН-350 реакторы бар АЭС құру жөніндегі жұмысқа жетекші ғылыми-зерттеу және конструкторлық ұжымдар тартылды. Атом реакторын құру үдерісіне
КСРО-ның жүздеген зауыттары өз үлесін қосты, ал оның құрылысына Каспий маңы құрылыс басқармасы (ПУС) қатысты.
-Энергетикалық комбинат, әлемдегі алғашқы тәжірибелік-өнеркәсіптік реактор және теңіз суын тұщыландыру зауыты құрылысына қарапайым қызметкерлер емес , ынта-жігері, қажыр-қайраты мол, білімі терең, қиялы ұшқыр энтузист жастар мен кәсіби біліктілігі жоғары дәрежелі мамандар тартылды. Жердің бір қиырындағы сусыз аймақта мұндай ауқымды, ғаламат жобаны жоғарыда атап өткен кадрларсыз іске асыру мүмкін еместей елестейтін", - деп атап өтті Николай Скориков.
BN-350 құрылыс-монтаж жұмыстары 1964 жылы басталды.
Осылайша, Николай Скориков алғаш рет Мәскеу қаласындағы кешенді автоматтандырудың Орталық ғылыми-зерттеу институтында жартылай өткізгіш құрылғылардан құрастырылған БН-350 реакторының басқару және қорғау жүйесінің жұмыс қабілетіне талдау мен қорытынды дайындады. 1966 жылы ақпанда Шевченко қаласына көшіп келген Скориков Николай БН-350 реакторымен тікелей айналысып, конструкторлық әзірлемелерге жетекшілік ету, БН-350 реакторына арналған стандартты емес жабдықтар мен бұйымдарға тапсырыс беру, сондай-ақ монтаждау жұмыстарына жетекшілік ету жұмыстарын жүргізді.
1966 жылдан 1968 жылға дейін БН-350 реакторын
жабдықтау және жалпы MAЭК үшін стандартты емес жабдықтауға тапсырыс беру бойынша нәтижелі жұмыстар жасалды.
1969 жылдан 1971 жылға дейін физиктер БН-350 реакторына және бүкіл Маңғышлақ түбегіне іргелес аумақтың "нөлдік" радиоактивті фонын зерттеумен айналысты.
1971 жылы комбинат басшылығы БН-350 физика-технологиялық зертханасын ұйымдастыруды және БН-350 реакторын физикалық және энергетикалық іске қосуды дайындау бойынша кешенді жұмыстар орындауды тапсырды.
Реакторды орнату 1972 жылы аяқталды, реакторға жылу бөлетін жинақты жүктеу 1972 жылы 28 қазанда басталып, 1972 жылы 28 қарашада аяқталды.
1972 жылы 28 қарашада сағат 15.00-де тізбекті реакция тіркелді.
- Мамандардың бағалауы бойынша, алдағы 15 жыл ішінде индустриялық дамуды қамтамасыз ететін электр қуатын өндіруді ұлғайту үшін ресурсы 70-80% - ға сарқылған жылу энергетикалық блоктардың басым бөлігін алмастыру қажет. Болашақта электр қуатын өндірудегі қайшылықтарды шешу ұшін үш негізгі параметрлердің тепе-теңдігін сақтау аса маңызды. Олар – отынмен қамтамасыз етудің сенімділігі: энергетикалық қауіпсіздік, үнемділік және энергия өндіру процестерінің экологияға әсері, парниктік газдар шығарындыларын азайту . АЭС-те атмосфераға шығаратын радиоактивті заттардың мөлшері көмір мен мазут негізінде жұмыс істейтін электр станцияларына қарағанда әлдеқайда аз, ал газ құны қазір өте қымбат және оны жылу электр станцияларының қазандықтарында жағу тиімсіз, - дейді еңбек ардагері.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 22.04.1999 ж. №456 қаулысымен БН-350 реакторы тоқтатылды. Қазіргі уақытта ол одан әрі 50 жыл мерзімге қауіпсіз ұзақ мерзімді сақтау жағдайына келтіре отырып, кейіннен бөлшектеу және көму арқылы пайдаланудан шығару сатысында тұр.