Биыл 29011 әскери бөлімінен 22 шақырылушы «Әскери міндеттілер 2.0» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жоғары оқу орындарында оқуға грант ұтып алды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Олар Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтына, Құрлық әскерлерінің Әскери институтына, Әуе қорғанысы күштері Әскери институтына (Әскери-теңіз факультеті) және Кадет корпусына жіберіледі.
Еске салайық, жастарды әскери қызметке ынталандыруға бағытталған «Әскери міндеттілер 2.0» мемлекеттік бағдарламасы 2023 жылы басталған.
«Әскери міндеттілер 2.0 бағдарламасы бойынша грантқа үміткерлер үш критерий бойынша бағаланады: жауынгерлік дайындық нәтижелері, әскери тәртіп және әскерде қызмет ету кезінде өзіне жүктелген ерекше міндеттерді орындау. Әрбір үміткердің рейтингі ҚР Қорғаныс министрлігінің сайтында жасалған «Әскери міндеттілер 2.0» цифрлық платформасында көрсетіледі. Сол арқылы сарбаздар мен олардың ата-анасы берілген ұпайларды көре алады. Грантқа ие болған әскери қызметшілер оқуды аяқтаған соң 10 жылға әскери қызмет өткеру туралы келісімшартқа отыруы керек», - деді 29011 әскери бөлімінің командирі Бауыржан Мұратұлы.