Ақтауда Ауған ардагер-интернационалистердің қатысуымен М.Өскенбаев атындағы облыстық филармониясында Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылуына 35 жыл толуына арналған мерекелік жиын өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Жиынға облыстық мәслихат төрағасы Ж.Матаев пен депутаттар, Ауған соғыс ардагерлері және олардың ұрпақтары, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының басшылары, қоғамдық кеңес мүшелері, ҮЕҰ өкілдері, сарбаздар, БАҚ өкілдері қатысты.
Облыстық мәслихат төрағасы Ж.Матаев құттықтау сөз сөйлеп, жастарға патриоттық тәрбие берудегі интернационалистік соғыс ардагерлерінің рөлін атап өтті. Сонымен қатар, “Әскердің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жылдығына естелік” төс белгісімен ауған соғыс ардагерлерін марапаттады. Сонымен қатар, көрермендерге арнайы жасалған бейнеролик көрсетілді.
Сондай-ақ, бұл мерекелік кеште Сағи Құрықбайұлының “Памир тауын бағындырған маңғыстаулықтар” атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
“Памир тауын бағындырған маңғыстаулықтар” кітабында Ауған соғысының айрықша бір бөлігі, нақтырақ айтар болсақ, 1979-1980 жылдары 860 Қызылтулы Псков дербес мотоатқыштар полкінің құрамында болып, “Памир маршына” қатысқан Маңғыстаулық жауынгер-интернационалистер туралы жазылған. Ауған соғысы туралы қысқаша деректер де келтірілген.
Жиын соңы ауған ардагерлері мен өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты.